Оқу-ағарту министрлігі жаңадан ашылатын жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырысты тоқтатуды ұсынып отыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министрлік жеке мектептердің қарқынды көбеюі білім сапасына кері әсер етіп, мемлекеттік бюджет шығынын арттырғанын алға тартуда. Ведомство мәліметінше, мектептердің бір бөлігі өңірлердің нақты қажеттілігін ескерместен, жалға алынған ғимараттарда ашылған. Тіпті кейбір мектептерде оқушылардың жартысы онлайн форматта білім алған, бұл білім туралы заңға қайшы.
Енді министрлік мемлекеттік тапсырысты тек өңірдегі инфрақұрылымдық мәселелерді нақты шешетін, үш ауысымды немесе апатты мектептердің жүгін жеңілдететін жеке оқу орындарына беруді ұсынуда.
Қазіргі уақытта жеке мектептерді цифрлық бақылау жүйесі енгізілген. 2025 жылдың қыркүйегінен бері 785 мектеп толық цифрландырылып, бюджеттен қаржыландырумен синхрондалған.
Бұдан бөлек, мектептер мен балабақшалардың ғимараттарына, педагогикалық құрамына және материалдық-техникалық базасына қойылатын талаптар күшейтілді. 2027 жылдан бастап балабақшалардың барлығы лицензиялануға міндетті болады.
Сонымен қатар, Қаржы министрлігі жекеменшік мектептерді тексеруді жалғастыруда. Қазіргі тексерістер барысында оқушылар санының қолдан көбейтілуі, бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану және қаржылық есептердің бұрмалануы сияқты заңбұзушылықтар анықталды. Толық қорытынды алдағы уақытта жарияланады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







