WhatsApp мессенджерінде жеке деректерді қорғауды оңайлататын жаңа мүмкіндік пайда болды. Енді профиль суретін кім көре алатынын, соңғы кіру уақытын жасыруды және белгісіз нөмірлерден келетін қоңырауларды бір ғана бөлімнен реттеуге болады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Privacy Checkup» («Құпиялылықты тексеру») деп аталатын жаңа функция арқылы пайдаланушылар өз аккаунтының қауіпсіздігі мен жеке ақпаратын бірнеше қадаммен оңай баптай алады. Бұл туралы WhatsApp ресми түрде хабарлады.
Жаңартудың ерекшелігі негізгі қауіпсіздік баптауларының барлығы бір жерде жинақталған. Оған соңғы рет қосылған уақыт пен онлайн-статус, профиль суреті, «Өзіңіз туралы» бөлімі, статус, топтарға шақырулар және белгісіз нөмірлерден келетін қоңырауларды басқару кіреді.
Жеке бөлімде орналасқан «Silence Unknown Callers» функциясы белгісіз нөмірлерден келетін қоңырауларды автоматты түрде үнсіз режимге ауыстырады. Мұндай қоңыраулар телефонда көрсетілмейді, бірақ маңызды болса, оларды қоңыраулар тізімінен көруге мүмкіндік бар.
Жаңа функцияны қосу үшін
- «Баптаулар» бөліміне кіресіз;
- «Құпиялылықты» таңдайсыз;
- «Құпиялылықты тексеру» бөліміне өтесіз.
Осыдан кейін сізге 4 баптау ұсынылады. Ол арқылы жеке ақпараттың кімге қолжетімді болатынын анықтап, хабарласуға рұқсат беретін тұлғаларды белгілеп, аккаунтыңыз бен хат-хабарларыңыздың қорғалуын қосымша реттей аласыз.
Жаңа функция қазақстандық WhatsApp пайдаланушыларына қолжетімді. Егер аталған бөлім көрінбесе, қосымшаны App Store немесе Google Play арқылы жаңарту қажет. WhatsApp мәліметіне сай, жаңарту пайдаланушыларға кезең-кезеңімен жеткізіледі.
Айта кетейік, алдағы уақытта WhatsApp балаларға арналған аккаунттар ашуды жоспарлап отыр. Бұл арқылы ата-аналар балаларының кіммен байланысқа шығатынын бақылап, қарым-қатынас баптауларын реттей алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







