Қазақстанда тұтынушылық несиелер мен бөліп төлеудің кең таралуы нарықтағы сұранысты тым арттырып, инфляцияны қоздырып отыр деген пікір асыра айтылған. Экономист Айдархан Құсайыновтың айтуынша, мұндай несиелер ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін деңгейде емес деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сарапшының пайымынша, халықтың тұтынушылық несиеге деген сұранысы ақшаның жетіспеуінен емес, қазіргі сауда жүйесінің ерекшеліктеріне байланысты өсіп жатыр. Ірі сауда орындары мен маркетплейстер бөліп төлеуді белсенді ұсынғандықтан, тұтынушылар өз ақшасы болған күннің өзінде тауарды бірден сатып алмай, бөліп төлеуге көбірек жүгінетін болған.
«Тұтынушылық несие сұранысты өршітпейді, тек бар сұранысты ұстап тұрады. Адамдар көбіне ақшасы болмағандықтан емес, депозиттегі қаражатын сақтап, одан пайыздық табыс көргендіктен бөліп төлеуді таңдайды», – дейді Құсайынов.
Осылайша, тұтынушылар бірден шығындалмай, өз қаражатын тиімді басқаруға тырысады. Сондықтан бөліп төлеу арқылы халық қосымша үлкен сұраныс тудырып отыр деу дұрыс емес.
Несие нарығын реттеу қажет пе?
Экономист тұтынушылық несиелер нарығын реттеу қажеттігімен келіседі. Алайда шектеу шаралары тым қатты күшейтілсе, несие қолжетімділігі азайып, кәсіпкерлерге зияны тиюі мүмкін. Әсіресе, шағын және орта бизнес пен сауда саласы зардап шегуі ықтимал.
Құсайынов қазіргі несие саясатындағы қарама-қайшылыққа да назар аударды. Бір жағынан, билік халықтың аз қамтылған бөлігі жиі пайдаланатын тұтынушылық несиелерді шектегісі келеді. Екінші жағынан, ипотека мен автонесиені мемлекеттік субсидиялау арқылы тұрмысы жақсырақ топтарға жеңілдік жасайды.
«Жеңілдетілген ипотека мен автокредитті берсеңіз, ақшасы бар, жағдайы тәуір адамдарды қолдайсыз. Ал тұтынушылық несиелерге келгенде жағдайы төмен адамдарға қиындық туғызып отырсыз. Бұл үлкен қайшылық», – дейді сарапшы.
Қаржыгерлер қауымдастығының басшысы Елена Бахмутова да тұтынушылық несие инфляцияның басты себебі емес деп есептейді. Оның айтуынша, Ұлттық банктің өзі бұл фактордың әсерін ең төменгі деңгейде инфляцияның жалпы көлемінен небәрі 1-2% шамасында бағалап отыр.
Дегенмен, несие нарығын реттеудің шектен тыс күшейтілуі ішкі сұранысты төмендетіп жіберуі мүмкін. Қазірдің өзінде ірі сауда орындарында сатылым көлемі азайып жатқаны байқалады. Егер несие мен бөліп төлеу жүйесіне қолжетімділік шектелсе, сауда мен қызмет көрсету саласы, соның ішінде шағын бизнеске де кері әсер етуі әбден ықтимал.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







