Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 10 жас ғалымға пәтер кілтін табыстады. Алматы мен Астана қалаларындағы тұрғын үйлер өтеусіз негізде берілді. Қазір Алматыда баспана алған жас зерттеушілер толық жабдықталған пәтерлерге қоныстанып үлгерді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қоныс иелері жасалған жағдай ғылыми және кәсіби жұмысқа алаңсыз ден қоюға жол ашқанын айтып отыр. Көп жылдан бері зертхана мен аудитория арасында жүрген жас маман үшін тұрақты баспана ең алдымен ішкі сенім, еркін тыныс, ұзақ жоспар құруға мүмкіндік береді.
Президент марапаттау рәсімінде ғылымның әлеуеті мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін күшейтетін, халықаралық аренадағы беделін арттыратын негізгі фактордың біріне айналғанын атап өтті. Ғылым мен білімге қаржы құйған елдер озық қатарға шығатынын айтты.
Сонымен бірге отандық ғылымның болашағы жаңа идея ұсынып, ел дамуына серпін беретін дарынды, мақсатшыл, зияткер жас буынның қолында екенін ерекше атап өтті. Осы ойдың астарында айқын саясат жатыр. Яғни ғылым енді тек академиялық ортадағы тар шеңбердің мәселесі емес, ұлттық дамудың өзегі ретінде қарастырыла бастады.
Қазір 600-ден астам жас ғалым баспанамен қамтылған. Соған қоса арнайы гранттар қарастырылған, біліктілікті арттыру және тәжірибе алмасу үшін әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беріліп отыр. Мұндай тетік жас зерттеушіні бір сәттік қолдаумен шектемейді. Тұрғын үй, грант, тағылымдама, ғылыми ортаға жол ашу секілді шаралар бір жүйеге айналған кезде ғана ғылымдағы кадр тұрақтылығы күшейеді. Жас маман зерттеуді тастап, тұрмыстық түйткілдің соңында кетпей, өз бағытын ғылыммен байланыстыра алады.
Жаңа пәтер иелерінің қатарында еліміздегі жетекші ғылыми ұйымдардың өкілдері бар. Солардың бірі – Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің Жылуэнергетика және физика кафедрасының аға оқытушысы, PhD Мадина Құмарғазина. Ол Scopus халықаралық базасында жарияланған ғылыми еңбектердің авторы, Қазақстанның 10-нан астам және бір Еуразиялық патенттің тең авторы.

Оның зерттеулері энергия тиімділігі технологияларын дамытуға және жаңартылатын энергия көздерін пайдалануға бағытталған. Энергетика күн тәртібінен түспей тұрған кезеңде мұндай бағыттағы ізденістердің құны артып келеді. Әсіресе энергияны үнемдеу, баламалы қуат көздерін тиімді пайдалану, технологиялық тәуелсіздікті күшейту мәселесі өршіп тұрған шақта осындай мамандардың еңбегі нақты секторға да, ұлттық экономикаға да қажет.
Мадина Бақытжанқызы көрсетіліп жатқан қолдаудың маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, осындай бастамалар болашаққа сенім ұялатып, ғылыми қызметке, жаңа технология әзірлеуге және білікті маман даярлауға ден қоюға мүмкіндік береді. Осы пікірдің өзінен жас ғалымға баспана берудің салмағы аңғарылады. Ғалым зерттеу жүргізуі үшін тек құрал-жабдық пен зертхана жеткіліксіз. Оның өмірінде тұрақтылық болуы керек. Сол кезде ғана ойы бөлінбей, жаңа шешім іздеуге толық кірісе алады.
Баспаналы ғалымдар
Пәтер иелерінің қатарында Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті Физика-техникалық институтының ғылыми қызметкері, Электрохимия және ванадийлі ағынды батареялар зертханасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Арман Өмірзақов та бар. Оның ғылыми еңбек өтілі 15 жылға жеткен. Халықаралық рецензияланатын журналдарда жарияланған 20-дан астам ғылыми еңбектің авторы.
Сонымен қатар Қазақстанның 8 патентінің тең авторы. Оның зерттеу аясы да бүгінгі технологиялық күн тәртібімен тікелей сабақтас. Отын элементтері, микробатареялар, фотокаталитикалық материалдар, жұқа қабықшалы қатты оксидті отын элементтері, Nazarbayev University базасында литий-күкіртті микробатарея әзірлеу, ванадийлі ағынды батарея электролиттері, суды тазарту мен сутегі өндіруге арналған фотокаталитикалық материалдар – мұның бәрі келешек өнеркәсіптің, жасыл энергетиканың, жаңа материалтанудың іргесін құрайтын бағыттар.
Арман Өмірзақов Erasmus+ бағдарламасы аясында Португалиядағы Авейру университетінде тағылымдамадан өткен. Халықаралық ғылыми жобаларға белсенді қатысып келеді. Осындай өмір жолына қарағанда, жас қазақстандық ғалымның зертханасы тек бір қаламен немесе бір институтпен шектеліп қалмайтыны көрінеді.

Ғылым қазір шекара танымайтын салаға айналды. Бірақ халықаралық жобаға қатысып жүрген маманның өз елінде қадірленуі, тұрмыстық жағынан қорғалуы да аса маңызды. Себебі талантты кадрдың ел ішінде қалуы мен өнімді жұмыс істеуі ұлттық ғылыми мектептің болашағына тікелей әсер етеді.
Тағы бір пәтер иесі Философия, саясаттану және дінтану институты Әлеуметтану орталығының жетекшісі, аға ғылыми қызметкері, PhD Шырын Тіленшиева. Ол мемлекеттік қолдау ғылыми қызметке жаңа мүмкіндік ашатынын айтты. Оның сөзінше, жеке баспананың болуы тек әлеуметтік көмек қана емес, ғылыми зерттеуді жалғастыруға және отандық ғылымның дамуына үлес қосуға берілетін күшті ынталандыру. Гуманитарлық ғылым өкілдері үшін де мұндай қолдаудың мәні бөлек. Себебі қоғамды тану, әлеуметтік ахуалды саралау, сапалы зерттеу жүргізу, ғылыми мектеп қалыптастыру да мемлекеттің тұрақты дамуы үшін ауадай қажет.
Шырын Мұратқызының ғылыми еңбек өтілі 13 жыл. Ол Scopus және Web of Science базаларына енген жарияланымдарды қоса алғанда 9 ғылыми мақаланың авторы, оқу құралының тең авторы және авторлық құқық иегері. Ғалым халықаралық және ұлттық ғылыми жобаларға, соның ішінде «Жас ғалым» бағдарламасы аясындағы бастамаларға қатысқан.
Сонымен қатар International Society for Quality-of-Life Studies ұйымының білім беру грантын иеленіп, 2021-2025 жылдары сол ұйымның мүшесі болған. Осындай деректер әлеуметтік ғылым саласында да халықаралық деңгейге шығатын, өзіндік мектебі қалыптасып келе жатқан мамандар бар екенін аңғартады.
Контекст
Жас ғалымдарға берілген пәтерлердің астарында үлкен саяси және әлеуметтік мән жатыр. Соңғы жылдары қоғамда ғылымды дамыту туралы көп айтылды. Бірақ ғылыми орта үшін ең маңыздысы – айтылған сөздің нақты іске айналуы. Пәтер кілтінің табысталуы, гранттардың бөлінуі, тағылымдама мүмкіндігі, жас зерттеушіні ел ішінде ұстап қалуға бағытталған шаралар осының нақты көрінісі. Ғылыммен айналысатын адам ертең қайда тұрамын, отбасымды қалай орналастырамын деп алаңдамай, зерттеуіне, мақаласына, тәжірибесіне, жобасына көңіл бөле алса, содан ұтады.
Қазір жаһандық бәсеке шикізатпен ғана өлшенбейді. Кімнің зертханасы мықты, кімнің университеті озық, кімнің ғылыми идеясы өндіріске тез енеді – негізгі өлшем біртіндеп осыған ауысып келеді. Сол себепті жас ғалымға жасалған қамқорлықты жай марапат деңгейінде қабылдау аздық етеді. Бұл кадр саясаты, зияткерлік капитал саясаты, елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясының бір тармағы.
Президент бастамасымен жүргізіліп отырған жас ғалымдарды қолдау саясаты әлі де басым бағыттың бірі болып қала береді. Мұндай қадамдар ғылым жолындағы жастарға нақты сигнал береді. Еңбек еткен, ізденген, халықаралық деңгейде мойындалған жас маман назардан тыс қалмайды. Ең маңыздысы – осы үрдіс үзілмей, жүйелі жалғасуы. Сонда ғана ғылыми әлеует тұрақты өсіп, зерттеу сапасы артып, елдің интеллектуалдық салмағы күшейе түседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







