Қытайдың жаңа талабы Қазақстанның агроэкспортындағы маңызды бір арнаны күрт тарылтып жіберді. Бейжің енгізген тәртіп бойынша делдал буын шеттетіліп, жемдік ұнды Қытайға тікелей өндірушінің өзі ғана шығарауы тиіс. Қазір арнайы рұқсат кодын алған 27 компания ғана жөнелту құқығына ие. Қалған кәсіпорынның өнімі қоймада, кей партиясы вагонда тұрып қалды, деп жазады Ertenmedia.kz Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Мәселе наурыздың соңында анық сезіле бастаған. Қазақстандық экспорттаушылар жемдік ұнды Қытайға жіберу кезінде жаппай кедергіге тап болды. Жаңа талапқа сай, жемдік ұн құрамында ресейлік астық болмауы керек. Онымен қатар өнімнің рецептурасы да қатаң шектелді.
Енді бидай, арпа және кебектен өзге шикізат қосуға рұқсат жоқ. Ақуызды көтеру үшін майлы дақыл күнжарасын, күлділікті реттеу үшін борды не өзге қоспаны пайдалану мүмкіндігі де жабылды. Сөйтіп қазақстандық өндірушінің технологиялық еркіндігі де әкімшілік шеңберге түсті.
Ең ауыр салмақ логистика мен сауда тізбегіне түсті. Қытай тарапы экспорттаушы ретінде трейдерді емес, өнімді тікелей шығаратын зауыттың өзін көргісі келеді. Бейжің мұны қадағалау мен ашықтық деп түсіндіреді. Қазақстандағы нарық үшін оның мағынасы басқа: экспортты жүргізіп келген делдал қабат сыртқа ығыстырылып отыр. Нарықтағы үлкен айналымның едәуір бөлігі дәл осы трейдерлер арқылы жүріп келгені белгілі.
Осы сүзгіден өткізу үшін Қытай кедені арнайы код алуды міндеттеді. Әзірге ондай кодты небәрі 27 диірмен кәсіпорны жедел алып үлгерген. Қалғаны жөнелту арнасынан тыс қалды. Соның салдарынан едәуір көлемдегі өнім не қоймада, не шекараға аттануға дайын вагонда қозғалыссыз тұр. Көктемгі ылғал мен жылу жемдік ұн үшін ең қолайлы жағдай саналмайды. Ұзақ сақталған өнім тез бүлініп, кәсіпорынға тікелей шығын әкелуі мүмкін.
Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі нарық өкілімен кеңес өткізіп, шешім іздеу басталғанын хабарлады. Ведомство Қытайға тағы 39 өндіруші енгізілген екінші тізімді жолдап, оны жедел қарауды сұраған. Қазір үшінші тізім де жасалып жатыр. Алғашқы екі тізімге енбей қалған кәсіпорын сол арқылы өтінім бере алады.
Делдалсыз сауда
Бұдан бөлек, бұған дейін Қытайға өнім шығарып жүрген, бірақ жаңа талаптан кейін шетте қалған трейдерлердің жеке тізімін әзірлеу көзделіп отыр. Алайда түйін тізім жасауда ғана емес. Делдалды мойындамайтын Қытай ұстанымы өзгермейінше, мәселе толық шешілмейді.
Теміржол жүйесі де дәл осы шектеуге бағынып отыр. Жемдік ұнды Қытайға тиеу жоспары тек арнайы коды бар 27 компания үшін ғана ашылады. Осыған дейін Қазақстанның астық одағы 2026 жылы Қытайға жемдік ұн экспорты шамамен 3 млн тоннаға жетіп, 2025 жылғы деңгейден екі есе асады деп болжаған еді. Қағаз жүзіндегі сол болжам әлі өзгерген жоқ. Бірақ қазіргі жағдайда ол нақты ахуалдан гөрі келіссөз сәтті аяқталады деген үмітке көбірек ұқсайды.
Оқиғаның тағы бір астары биологиялық қауіпсіздікпен байланысты. ElDala дерегінше, Қытай жемдік ұн өндірісінде ресейлік астықты пайдалануға тыйым салған. Мұның алдында Қытайдың шекаралас Ганьсу провинциясы мен Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданында ірі қара арасында аусыл ошағы тіркелгені айтылған.
Жалпы саны 6 229 басқа қатысты жағдай назарға алынған. Қытай сарапшылары анықталған SAT1 серотипі ел аумағында бұрын кездеспегенін, қолданыстағы вакциналар мұндай штамға толық қорғаныс бере алмайтынын көрсеткен. Соның салдарынан малды жою және ауқымды дезинфекция шарасы жүргізілген.
Қазақстан тарапы да тәуекелді ертерек байқаған. Астық одағының сарапшысы Евгений Карабановтың айтуынша, биыл ақпанда Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресейдің бірқатар өңіріндегі эпизоотиялық ахуалдың нашарлауына байланысты тірі малға ғана емес, етке, теріге, субөнімге, жемдік астыққа, мал азықтық дақылға, ингредиент пен дайын жемге де шектеу қойған.
Соған қарамастан, Бейжің Қазақстан мен Ресей арасындағы ұзын шекара арқылы тыйым салынған астық айналып өтуі мүмкін деген күдігін жасырмай отыр. Қытай тарапына дәл осы күдік те талапты қатайтуға жеткілікті негіз болып отырғанға ұқсайды.
Карабановтың сөзінше, Қазақстаннан Шыңжаңға баратын негізгі экспорт қатарында жемдік ұн, арпа, шрот пен күнжара бар. Ол өнім Алашанькоу мен Қорғас арқылы өтеді. Ресейлік ресми құрылым мал ауруын пастереллез деп көрсеткенімен, қазақстандық ветеринар маман бірнеше айдан бері көрші елдегі малда аусыл болуы ықтимал екенін айтып келеді.
Шыңжаңмен шектелмей
Түйткіл аяқ астынан шыққан жоқ. Жыл басында-ақ экспорттаушы шекарада жемдік ұн тиелген пойыздардың ұсталып, кері қайтарыла бастағанын хабарлаған. “KazGrain” ұлттық экспорттаушылар қауымдастығының басқарма төрағасы Зейнолла Әбдуманапов қытай кедені қазақстандық жемдік ұнды әртүрлі стандартқа сай емес деп кері бұрып жатқанын айтқан. Кейін қауымдастық Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігіне де, Қытай тарапына да ресми хат жолдап, жағдайды реттеуге жәрдем сұраған.
Карабановтың бағалауынша, мәселе былтырғы желтоқсанның соңында басталған. Әуелгіде Қытай тарапы ұнның ірілігі секілді екінші қатардағы параметрге дейін мұқият қарай бастаған. Сарапшы кей өндіруші технологияны жеңілдетіп, сапаны түсіріп жібергенін де жоққа шығармайды. Бірақ ол мұны түпкі себеп емес, тек сыртқы түрткі деп санайды. Негізгі мәселе Қытайдың Қазақстаннан келетін жемдік ұн көлемін тежеуге ұмтылуында жатыр.
Оның айтуынша, қазақстандық жемдік ұн Шыңжаңмен шектелмей, Орталық Қытай нарығына ене бастаған. Ал ол аумақ қытайдың өз жемдік бидайымен қамтылатын, ішкі өндірушісі қорғалатын кеңістік саналады. Сондықтан арзан қазақстандық өнім ол жақта жай импорт емес, ішкі бағаға қысым жасайтын фактор ретінде қаралады. Мұндай тұста ветеринариядан бұрын экономикалық саясат алдыңғы орынға шығады.
Қазақстанда жемдік ұн өндірісі соңғы екі жылда қатты өсті. Оның себебі түсінікті: Қытай нарығында жемдік ұнға баж салынбайды, ал Қазақстаннан баратын азық-түлік ұнына іс жүзінде тосқауыл сипатындағы тариф қолданылады. 2024 жылғы мол өнім де осы үрдісті күшейтті. Төмен сұрыпты, тіпті сыныпқа кірмейтін бидай көлемінің көп болуы арзан шикізат қорын қалыптастырды. Сөйтіп сала тез өсіп, ішкі астық бағасын тұрақтандыратын тетікке айнала бастаған.
Технологиялық жағынан өнім аса күрделі саналмаған. Кәсіпорындар бидай ұны мен арпа ұнын араластырып, Қытайға шығару үшін бұрын екі бөлек код алып келген. Бірі бидай ұнына, бірі арпа ұнына арналған. Осы сызба ұзақ уақыт жұмыс істеген. Бірақ 2026 жылдың наурыз айының соңында Қытай жемдік ұнның өзіне арналған бірыңғай жеке код енгізіп, жеткізу арнасын бір сәтте тарылтты.
Петропавлдағы “Диқаншы” диірмен компаниясының иесі Дмитрий Пампурдың айтуынша, оның кәсіпорны бидай және арпа ұны бойынша код алып, Қытай кеденінің тізіліміне ену үшін 1,5 жыл уақыт жұмсаған. Сол аралықта жабдық тексерілген, өндіріс процесі қаралған, комиссия бірнеше рет келген. Жаңа код енгізілген соң Қазақстаннан 66 жеткізуші қайта құжат тапсырған. Соның тек 27-сі ғана код алып үлгерген. Қалғаны нақты мерзімсіз, кепілсіз, бірақ орындалуы тиіс келісіммен қалып отыр.
Астық өңдеу қытай бизнесінің ықпалына өте ма?
Қазір мәселе әкімшілік рұқсатпен ғана шектелмейді. Салық жүгінің де салқыны сезіліп тұр. Пампурдың сөзінше, Қазақстандағы көптеген диірмен кәсіпорны қосылған құн салығын қайтару тетігіне сүйеніп жұмыс істейді. Нарықтағы маржа аса жоғары емес.
Пайда көбіне сол қайтарым арқылы жиналады. Егер өндіруші өнімді толық өз атынан ғана экспорттауға мәжбүр болса, салық қайтарымы күрделенуі мүмкін. Ондай жағдайда қазақстандық жемдік ұнның Қытайдағы бағасы да өсе бастайды.
Сала ішінде тағы бір алаң бар. Кей кәсіпкер Қытай келешекте Қазақстаннан жемдік ұнды өз бақылауындағы компания арқылы ғана алуға мүдделі болуы мүмкін деп қауіптенеді. Ел ішінде қытай капиталы қатысатын бірлескен кәсіпорын саны артып келе жатқаны да осындай әңгімені күшейткен.
Егер осы үрдіс тереңдесе, Қазақстандағы астық өңдеудің бір бөлігі біртіндеп қытай бизнесінің ықпалына өтуі ықтимал деген пікір айтыла бастады. Мұндай болжам әзірге ресми дәлелденген шешім емес, бірақ нарықтағы көңіл күйдің ауырлағаны анық.
Сөйтіп, әңгіме жай ғана сапа нормасы немесе санитарлық қауіпсіздік төңірегінде қалып отырған жоқ. Қытай техникалық талап арқылы жемдік ұн нарығының құрылымын қайта баптап жатыр. Негізгі тартыс зертхана хаттамасында емес, ішкі өндірушіні қорғау мен сыртқы жеткізушіні шектеу арасындағы мүдде тепе-теңдігінде жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







