Қазақстанда тіс емдету мен оны қалпына келтіру қызметі биыл едәуір қымбаттады. Ұлттық статистика бюросы таратқан мәліметке сүйенсек, 2026 жылдың алғашқы үш айында протездеу құны 13 пайызға, ал имплантация 10 пайызға артқан деп жазады Ertenmedia.kz.
Аталған көрсеткіш Ranking зерттеуінде де көрініс тауып, халықтың қалтасына салмақ сала бастағаны белгілі болды. Стоматологиялық қызметтің ішінде әсіресе тіс жегісін емдеу 17,7 пайызға, тіс жұлу 14,7 пайызға жоғарылаған.
Тіпті, қарапайым кәсіби тазалау қызметінің өзі 12 пайыздық өсім көрсетті.
Сарапшы Дәулет Исмаиловтың пікірінше, елімізде тіс имплантациясы уақыт озған сайын қарапайым жұрт үшін қолжетімсіз салтанатқа айналып барады. Алматы мен Астана қаласындағы клиникаларға жасалған талдау бағаның тым алшақ екенін көрсетті.
Мәселен…
Ең арзан саналатын металды керамикалық тәж орнату 46 мыңнан 180 мың теңгеге дейін бағаланса, цирконий құны 220 мың теңгеден асып жығылады.
Ең қымбат процедура саналатын All-on-4 әдісі арқылы бір жақ сүйекке төрт имплант орнатып, толық тіс қатарын қалпына келтіру 790 мыңнан 2,5 миллион теңгеге дейін барады. Егер емделуші екі жақ сүйегін бірдей жаңартқысы келсе, жалпы шығын 5 миллион теңгеге жуықтауы мүмкін. Мұндай жоғары баға тек материал құнына ғана емес, заманауи 3D-модельдеу мен жоғары білікті маман еңбегінің қымбаттығына тікелей байланысты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







