Елімізде тұрмыстық газ баллондарының қауіпсіздігіне қатысты мәселе өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Аталған мәселе ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел штабындағы кеңесте кеңінен сөз болды. Жиында тұрмыстық газ баллондарын пайдалану тәртібі, олардың техникалық жағдайы, ескі баллондардың айналымда жүруі және халық қауіпсіздігін күшейту мәселесі жан-жақты талқыланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Басқосуға қатысқанымызда еліміздегі тұрмыстық газ баллондарының едәуір бөлігі белгіленген пайдалану мерзімінен әлдеқашан асып кеткені айтылды. Соңғы үш жылдағы деректер алаңдатарлық. Қазақстанда тұрмыстық газ баллондарының 30 жарылысы тіркеліп, 110 адам зардап шеккен. Оның 27-сі көз жұмған. Әрбір осындай оқиғаның артында бір отбасының қайғысы, бір шаңырақтың күйреуі, бір ауыл немесе бір көшенің қауіптен көз ашпай отырған шындығы бар.
– Бүгінде халық пен инфрақұрылым үшін тәуекелдер деңгейін нақты талдау маңызды. Айналымда шамамен 3,5 миллион тұрмыстық газ баллоны бар. Бірақ олардың қаншасы нормативтік мерзімнен асып пайдаланылып жүргені туралы нақты дерек жоқ. Іс жүзінде 60-90 жылдары шығарылған баллондар да кездеседі. Сондықтан газ баллондарын таңбалау және қадағалау жүйесі қажет, – деп Шыңғыс Әрінов ойын ортаға салды.
Мәселенің мәні тек баллонның ескіруінде емес. Елде газ баллондарын есепке алатын, олардың қайда тұрғанын, қашан шығарылғанын, соңғы рет қашан тексерілгенін көрсететін бірыңғай жүйе жоқ. Осы олқылық салдарынан нақты мониторинг жүргізу қиын. Қай өңірде қанша қауіпті баллон барын білмей тұрып, оны ауыстыру немесе кәдеге жарату жоспарын жасау да күрделі.
Тағы бір түйткілді мәселе, ішкі нарықтың импортқа тәуелділік. Қазақстанда тұрмыстық газ баллондарын шығаратын өндіріс іс жүзінде жеткілікті деңгейде дамымаған. Халық сұранысын толық жауап бере алмайды. Ал жаңа баллонның бағасы көп азамат үшін арзан емес. Соның кесірінен жұрт ескі жабдықты амалсыз пайдалануға мәжбүр.
Бақылау күшеймесе, апат жалғаса береді
Кеңесте композитті баллон өндірушілердің ұсыныстары тыңдалды. Мамандар мұндай баллондар болат баллондарға балама бола алатынын айтты. Композитті баллондар бірқатар елде кеңінен қолданысқа ие. Олар коррозияға төзімді, салмағы жеңіл әрі төтенше жағдайда қауіпсіздеу бұзылады. Мұндай баллон жарылғанда металл сынықтары сияқты жан-жаққа шашылмайды. Тиісті сертификаттары бар және Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттеріне сай өндіріледі.
– Бізге мәселені кейінге шегеруге болмайды. Газ баллонын толтыру, пайдалану, есепке алу және кәдеге жарату тәртібі толық бақылауда болуы керек. Әсіресе шалғай өңірлерде қауіп жоғары. Заң бойынша баллондар арнайы газ толтыру станцияларында ғана толтырылуы тиіс. Бірақ іс жүзінде автогаз құю станцияларында заңсыз толтыру деректері кездеседі, – деді Шыңғыс Әрінов.
Бұл жағдай қауіпсіздік мәдениетінің әлі де әлсіз екенін көрсетеді. Бір жағынан инфрақұрылым жетіспейді, екінші жағынан бақылау әлсіз, үшінші жағынан тұрғындар арзан әрі оңай жолды таңдайды. Бірақ газ баллоны қателікті кешірмейтін құрал. Бір рет дұрыс толтырылмауы, бір рет мерзімі өткен жабдықты қолдану, бір рет тексерусіз пайдалану орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.
Кеңес қорытындысында газ баллондарын жаңарту, отандық өндірісті дамыту, толтыру мен пайдалануға бақылауды күшейту, бірыңғай есепке алу жүйесін енгізу және ескі баллондарды кәдеге жарату тәртібін қалыптастыру қажет екені айтылды.
Бұл шаралар қағаз жүзіндегі жоспар болып қалмай, нақты іске асса ғана тұрғындардың қауіпсіздігі артады. Өйткені тұрмыстық газ баллоны әр үйдің ішінде тұрған қарапайым зат көрінгенімен, бақылаусыз қалса, үлкен қауіп көзіне айналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







