Қазақстанда маркетплейс арқылы сауда жасайтын сатушының табысын салық органдары жіті бақылай бастады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекеттік кірістер комитеті электронды саудаға қатысты жаңа тәртіп енгізілгенін мәлімдеді. Енді интернет алаңының иелері ай сайын сатылған тауар, көрсетілген қызмет және жеке тұлғаларға жасалған төлем туралы мәліметті мемкірістер органдарына жолдап отыруға міндетті.
Яғни Kaspi, Wildberries, Ozon секілді алаң арқылы тұрақты сауда жасап отырған кәсіпкердің айналымы платформадағы дерек арқылы көрінеді. Салықшылар кейін сол мәліметті сатушы тапсырған декларациямен салыстырады.
Дерек енді платформадан келеді
Жаңа талап бойынша маркетплейс иелері есепті айдан кейінгі айдың 5-күнінен кешіктірмей мәлімет беруге тиіс. Онда сатушы, сатылған тауар, көрсетілген қызмет және жасалған төлем туралы ақпарат қамтылады.
Қазірдің өзінде 23 маркетплейс сатушылар мен төлемдер туралы мәліметті мемлекеттік кірістер органдарына жолдаған.
Негізгі өзгеріс осында. Бұрын сатушы нақты айналымын бір бөлек, декларациядағы табысын бір бөлек көрсетуі мүмкін еді. Енді платформадағы сауда мен салық есебіндегі көрсеткіш автоматты түрде салыстырылады. Айырмашылық шықса, кәсіпкерге хабарлама жіберіледі.
Кімдерге қатысты?
Жаңа бақылау ең алдымен маркетплейсті тұрақты табыс көзіне айналдырған сатушыға қатысты.
Мысалы, адам бір рет жеке затын сатып жіберсе, оған кәсіпкер ретінде қарау қиын. Ал тауарды тұрақты сатып, ай сайын табыс тауып, ассортимент жүргізіп, тапсырыс қабылдап, жеткізу ұйымдастырып отырса, мұндай қызмет салық тұрғысынан кәсіпкерлік белгісіне жақындайды.
Салық органдары үшін маңыздысы тұрақты айналым, қайталанатын төлем және табыстың декларацияда көрінуі.
Instagram арқылы сататындар ше?
Instagram, WhatsApp немесе басқа әлемжелі арқылы сауда жасайтындар да толық қауіпсіз аймақта отыр деуге келмейді. Әлеуметтік желі классикалық маркетплейс болмаса да, төлем картаға түссе, сауда тұрақты жүрсе, цифрлық із қалады.
Соңғы жылдары мемлекет онлайн төлем, мобильді аударым, электронды сауда және маркетплейс дерегін бір жүйеге жақындатып келеді. Сондықтан «ақшаны картаға алдым, ешкім көрмейді» деген түсінік ескіріп барады.
Онлайн сауда триллиондық нарыққа айналды
Мемлекеттің осы салаға назар аударуы кездейсоқ емес. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда электронды коммерцияның бөлшек саудадағы үлесі 14 пайыздан асқан. Нарық көлемі 3 трлн теңгеден жоғары. Соның басым бөлігі маркетплейстер арқылы өтеді.
PwC зерттеуінде де Қазақстандағы e-commerce нарығы өсіп келе жатқаны көрсетілген. Онлайн сауда енді қосымша арна емес, толыққанды экономика бөлігіне айналған.
Сондықтан салық органдары ең алдымен дерек көп жиналатын жерге қарайды. Ал маркетплейс сатушыны, төлемді, тауарды, қайтарымды және тапсырысты бір жерде көрсететін үлкен цифрлық базаға айналып отыр.
Сатушы не істеуі керек?
Онлайн саудамен тұрақты айналысатын адам ең алдымен есебін реттеуі қажет. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу, қолайлы салық режимін таңдау, маркетплейстегі түсім мен банкке түскен ақшаны салыстыру, қайтарылған тауар мен комиссияны бөлек есептеу маңызды.
Себебі платформадағы жалпы айналым мен сатушының қолында қалған таза пайда бірдей емес. Маркетплейс комиссия ұстайды, жеткізу ақысы болады, тауар қайтарылады, жарнамаға ақша кетеді. Осы шығын дұрыс көрсетілмесе, декларация мен нақты дерек арасында айырмашылық шығуы мүмкін.
Ең қауіптісі сауданы тұрақты жүргізіп отырып, табысты мүлде көрсетпеу. Мұндай жағдайда салық органы маркетплейс берген дерек арқылы сәйкессіздікті байқайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







