Әлемдегі орталық банктер алтын сатып алуды үдетіп жатыр. Қазақстан да көптен қалысар емес, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
World Gold Council 29 сәуірде жариялаған есепте орталық банктер 2026 жылдың бірінші тоқсанында 243,7 тонна алтын сатып алғаны көрсетілді. Бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда сұраныс 3 пайызға өскен. Алтынды ең көп алған елдер қатарында Польша, Өзбекстан, Қытай және Қазақстан бар. Тимур Сүлейменов басқаратын Ұлттық банк алғашқы тоқсанда резервке 12 тонна алтын қосқан.
Алтын орталық банк үшін жай бағалы металл емес. Доллар әлсіресе, нарықта дүрбелең басталса немесе әлемде саяси тәуекел күшейсе, көп ел алтынға қарайды. Себебі алтын ешбір мемлекеттің валютасына толық тәуелді емес. Қағаз ақша құнсыздануы мүмкін, ал алтын ұзақ мерзімде қорғаныс құралы ретінде сақталады.
Қазақстан үшін тағы бір артықшылық бар. Елімізде алтын өндіріледі. Сондықтан Ұлттық банк резервті толықтыру үшін сыртқы нарыққа ғана қарап отырған жоқ.
Қазақстан доллардан қашып жатыр ма?
Жоқ. Мұны доллардан бас тарту деп түсінуге болмайды. Доллар әлемдік есеп айырысуда әлі де негізгі валюта болып тұр. Бірақ соңғы жылдары бір ғана валютаға сүйенудің қауіпті екені айқын сезілді. Сондықтан көп мемлекет резервін бірнеше бағытқа бөліп ұстайды: доллар, еуро, облигация, алтын.
Қазақстан да осы жолмен бара жатыр. Сүлейменов ел ақшасын бір себетке салып қоймай, тәуекелді бөліп жатыр.
Резерв неге маңызды?
Ұлттық банк дерегінше, наурыздың соңында Қазақстанның жалпы халықаралық резерві 129,5 млрд долларға жеткен. Соның ішінде Ұлттық банктің алтын-валюта резерві 67,2 млрд доллар болды.
Мұндай қор елге сыртқы қысым күшейген кезде керек. Мұнай бағасы құлдыраса, доллар күрт қымбаттаса немесе сыртқы нарықта күйзеліс басталса, резерв қаржы жүйесіне тірек болады. Алтын сол тіректің бір бөлігі.
Алтын әрдайым пайда әкеле ме?
Жоқ. Алтын да арзандауы мүмкін. Ұлттық банк дерегіне қарағанда, 1 грамм алтын 15 сәуірде 73 176 теңге болса, 29 сәуірде 67 776 теңгеге түскен. Екі апта ішінде грамына 5 мың теңгеден көп төмендеген.
Сондықтан алтынды тез пайда әкелетін құрал деп қабылдау қате. Ұлттық банк үшін алтынның міндеті басқа: ол қысқа мерзімді табыс емес, ұзақ мерзімді сақтық.
Теңгеге әсері қандай?
Алтын қоры көбейді екен деп теңге бірден күшейіп кетпейді. Теңгеге мұнай бағасы, импорт, бюджет шығыны, Ұлттық қордан сатылатын валюта, базалық ставка және нарықтағы доллар сұранысы әсер етеді.
Бірақ алтын резерві елдің қаржылық қауіпсіздігін күшейтеді. Дағдарыс кезінде Ұлттық банктің қолында өтімді, әлем мойындайтын актив көбірек болады.
Тоқетерін айтқанда…
Қазақстан алтынды кездейсоқ жинап жатқан жоқ. Әлемдегі белгісіздік көбейген сайын орталық банктер қорғанысқа мән бере бастады. Алтын сол қорғаныстың ең көне әрі сенімді құралдарының бірі болып тұр.
Бірақ оны доллардың орнына келген жалғыз құтқарушы деп қарауға болмайды. Алтын да құбылады, бағасы түседі, қысқа мерзімде шығын әкелуі мүмкін. Ұлттық банк үшін алтын пайда қуатын құрал емес, елдің қаржы қауіпсіздігін күшейтетін сақтық қоры. Жалпақ тілмек айтқанда, Қазақстан доллардан қашып жатқан жоқ. Бірақ тек долларға қарап отырудың қауіпті екенін түсініп, алтын арқылы қосымша қорғаныс жасап жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







