Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жер қойнауын басқару саласында мемлекеттік бақылауды күшейту қажет деп есептейді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, Қазақстан жылдар бойы жер қойнауы саласында «инвестиция тарту», «халықаралық стандарт» деген ұғымдарды алға тартып, стратегиялық ресурстарға мемлекеттік бақылаудың әлсіреуіне жол беріп келді. Оның пікірінше, бұл мәселе енді тек экономикалық өлшеммен қаралатын тақырып емес, ұлттық мүддеге тікелей қатысты стратегиялық бағытқа айналып отыр.
Еділ Жаңбыршин мемлекеттік сараптаманың жойылып, оның орнына «құзыретті тұлғалар» институтының енгізілгеніне назар аударды. Депутаттың сөзінше, мұндай жағдайда ел байлығының есебін жер қойнауын игерушілермен мүдделес болуы мүмкін жеке сарапшылар анықтайтын жүйе қалыптасты.
Оның ойынша, сирек және стратегиялық металдардың нақты есебі әлі толық жолға қойылмағаны ерекше алаңдаушылық тудырады. Себебі қазіргі технологиялық дәуірде сирек металдар тек шикізат емес, өнеркәсіп, энергетика, қорғаныс, цифрлық технология және ұлттық қауіпсіздік үшін аса маңызды ресурсқа айналды.
Депутат ең қауіпті мәселенің бірі ретінде кен орындарындағы ең «бай» қабаттарды ғана игеру тәжірибесін атады. Оның айтуынша, мұндай тәсіл кезінде басқа стратегиялық компоненттер қалдыққа кетуі немесе концентратпен бірге сыртқа толық бақылаусыз шығарылуы мүмкін.
Еділ Жаңбыршин мұны Қазақстан үшін үлкен тәуекел деп санайды. Өйткені жер қойнауындағы әрбір металл, әрбір сирек элемент – болашақ экономика үшін қажет ресурс. Егер оның нақты есебі болмай, мемлекет толық бақылау жүргізбесе, ел өз байлығының шынайы көлемін де, одан түсетін нақты пайданы да толық көрмеуі ықтимал.
Депутаттың пікірінше, Қазақстан жер қойнауын басқарудың жасырын жекешеленуіне жол бермеуі керек. Стратегиялық ресурстарға қатысты есеп, сараптама, бақылау және экспорт тәртібі мемлекеттің тікелей назарында болуы тиіс.
Бұл мәселе әсіресе сирек жер металдарына әлемдік сұраныс артып тұрған кезеңде маңызды. Қазақстан табиғи ресурсқа бай ел ретінде тек шикізат беруші болып қалмай, жер қойнауындағы байлықты ұлттық даму мүддесіне сай басқаруы қажет. Еділ Жаңбыршин көтерген мәселенің өзегі де осында – жер қойнауы жеке топтардың емес, елдің ортақ байлығы ретінде қорғалуы керек.
Алматыда «Алматы жастары» жеңілдетілген ипотека бағдарламасына өтінім қабылдау 2026 жылғы 1 маусымда басталады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







