Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры салымшыларға депозит мерзімі аяқталған сәтте қаражатты бақылаусыз қалдырмауға кеңес берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қор сарапшылары банк депозитінің «өмірлік циклі» барысында кездесетін тәуекелдерді талдап, қазіргі жағдайда ең өзекті мәселенің бірі салым мерзімін дұрыс таңдау және автопролонгация талабын мұқият бақылау екенін атап өтті.
2026 жылдың сәуірінде жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттеріне тартылған қаражаттың 58 пайызы жаңа салымдар есебінен қалыптасқан. Ал 42 пайызы бұған дейін ашылып, кейін автоматты түрде ұзартылған депозиттерге тиесілі болды.
Бір ай ішінде пролонгацияланған салымдар көлемі 3 трлн теңгеге көбейсе, жаңадан түскен таза қаражат 4,1 трлн теңгені құрады.
Мамандардың айтуынша, қазіргі депозит нарығы қысқа мерзімді әрі жоғары мөлшерлемелі өнімдерге қарай ығысып отыр. Мұндай жағдайда салымшы өз қаражатын белсенді басқаруға тиіс. Әйтпесе жоғары пайызбен ашылған депозит мерзімі аяқталған соң, жаңа кезеңге тиімсіз шартпен ұзартылып кетуі мүмкін.
Автопролонгация қақпаны
Автопролонгация дегеніміз депозит шартының салымшының қатысуынсыз келесі мерзімге автоматты түрде ұзартылуы. Егер келісімшартта осындай талап көрсетілсе, банк салымды дәл сол мерзімге қайта ұзартады. Бірақ жаңа кезеңдегі сыйақы мөлшерлемесі бұрынғы деңгейде қалмауы ықтимал. Кей жағдайда ол жоғары болуы мүмкін, кейде төмендеп кетеді.
Ал автопролонгация қарастырылмаса немесе келісімшартта көрсетілген ұзарту саны толық пайдаланылып қойса, депозит талап етілмелі салым талабына ауысуы мүмкін. Мұндай жағдайда жылдық сыйақы мөлшерлемесі небәрі 0,1 пайызға дейін төмендейді. Яғни ақша банкте жатқанымен, нақты табыс әкелмейді.
Сондықтан ҚДКБҚ сарапшылары салымшыларға депозит шартындағы үш мәселеге ерекше назар аударуға кеңес береді. Олар – автопролонгацияның бар-жоғы, оның қанша рет қолданылатыны және салым жаңа мерзімге ұзартылған кезде сыйақы мөлшерлемесінің өзгеру ықтималдығы.
2026 жылдың сәуірінде ұлттық валютада ұзартылған депозиттердің 73 пайызы бұрынғы мөлшерлемемен сақталған. Ал 27 пайызы бойынша сыйақы мөлшерлемесі пролонгация кезінде өзгерген. Кейбір депозит түрлерінде ұзартылған салымдардың табыстылығы жаңадан ашылған салымдарға қарағанда төмен болған.
Мысалы, сәуір айында 6 айлық, толықтыру құқығы бар жинақ салымдар бойынша пролонгация кезіндегі орташа мөлшерлеме 18 пайызды құрады. Ал сол айда жаңадан ашылған дәл осындай салымдар жылдық 20 пайызбен қабылданған. Айырмашылық – 2 пайыздық тармақ. Ірі сома үшін мұндай айырма салымшының нақты табысына айтарлықтай әсер етеді.
Қор сарапшылары банктер кейбір ескі депозиттік өнімдер бойынша мөлшерлемені салымшыға тиімсіз бағытта қайта қарауы мүмкін екенін ескертеді. Әсіресе банктің өнімдер қатарынан біртіндеп шығарылып жатқан немесе жаңа клиенттерге енді ұсынылмайтын депозиттерде мұндай тәуекел жоғары. Мұндай жағдайда ескі салымды жауып, қаражатты сол банктегі қазіргі жаңа немесе акциялық депозиттік өнімге орналастыру нақты табысты толық алмау қаупін азайтады.
Қазіргі уақытта қазақстандық банктерде 3 немесе 6 айға арналған жинақ және мерзімді салымдар жылдық 20-20,5 пайызға дейінгі мөлшерлемемен ұсынылып отыр. Егер салымшы ақшасын депозит мерзімі аяқталған соң бірден алуды жоспарласа, автоматты түрде ұзартылмайтын өнімді таңдағаны дұрыс. Немесе банк менеджерінен автопролонгацияны қалай өшіруге болатынын алдын ала нақтылап алған жөн.
Жинақ салым ұзартылып кетсе, ақша қажет болған жағдайда оны бірден алу мүмкін болмайды. Мұндай депозитті мерзімінен бұрын жабу үшін кемінде 30 күн күту қажет. Сондықтан депозит мерзімі аяқталар алдында мобильді қосымшаға кіріп немесе банк бөлімшесіне барып, пролонгация талабын тексерген дұрыс.
Депозитті ұмытып кету қымбатқа түседі
ҚДКБҚ дерегінше, бір жыл бұрын орташа нарықтық мөлшерлемемен ашылған теңгелік мерзімсіз депозит инфляциядан жоғары 4,8 пайыз нақты табыс әкелген. Ал 3-6 айлық мерзімді және жинақ салымдар қазіргі нарықтық мөлшерлеме бойынша, яғни орта есеппен жылдық 18,5 пайызбен сауатты ұзартылған жағдайда, салымшы инфляциядан жоғары 8,1 пайыз нақты табыс ала алар еді.
Алдағы уақытта депозит мөлшерлемелері біртіндеп төмендеуі мүмкін. Сондықтан сарапшылар қазіргі қолданыстағы талаптар бойынша жаңа салым ашу немесе бұрынғы депозитті толықтыру мүмкіндігін қарастыруға кеңес береді. Бұл тиімді мөлшерлемені бірнеше айға немесе бір жылға дейін бекітіп, тұрақты табыс алуға мүмкіндік береді.
Ұзақ мерзімді, мысалы екі жыл және одан жоғары мерзімге ашылған депозиттерде жағдай өзгеше болуы мүмкін. Ұлттық банктің орта мерзімді инфляциялық таргеті 5 пайыз деңгейінде белгіленген. Егер ұзақ мерзімді депозит мөлшерлемесі осы деңгейге жақын болса, кезең соңында нақты табыстылық төмен болуы ықтимал.
Қазіргі нарықта банктер арасындағы негізгі бәсеке көбіне қысқа мерзімді депозиттерде жүріп жатыр. Сондықтан ұзақ мерзімді жинақты басқару салымшыдан бұрынғыдан да белсенді тәсілді талап етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







