Қазақстанда жаңа саяси және әкімшілік басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған бірқатар конституциялық заң жобалары әзірленді, деп жазады Ertenmedia. kz.
Ұсынылған құжаттардың бірі – «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заң. Жобаға сәйкес, Қазақстан Халық Кеңесі жоғары консультативтік орган мәртебесіне ие болады. Оның негізгі міндеті – жалпыхалықтық диалогты дамыту және азаматтық қоғамның мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысуын қамтамасыз ету.
Құжатта Кеңестің кең ауқымды өкілеттіктерге ие болатыны көрсетілген. Атап айтқанда, заңнамалық бастама көтеру және жалпыхалықтық референдум өткізу туралы ұсыныс енгізу құқығы қарастырылған.
Қазақстан Халық Кеңесі Қазақстан азаматтарынан құрылады. Құрамында этномәдени және қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың мәслихаттары мен қоғамдық кеңестерінің атынан 42 өкіл болады. Олар тепе-теңдік қағидаты негізінде іріктеліп, Президенттің бекітуімен қызметке кіріседі.
Кеңес жұмысына Төраға жетекшілік етеді. Оның өкілеттік мерзімі төрт жыл болып белгіленеді.
Конституциялық заң жобаларының тағы бірі – «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» заң. Бұл құжат елорданың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындауға бағытталған.
Заң жобасында мәслихаттың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және әкімдік құрылымдарының өкілеттіктері нақты белгіленген. Сонымен қатар қаланың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыруға арналған дизайн кодексіне қойылатын талаптар енгізіледі.
Құжатта астананың инфрақұрылымын дамытуға және қаланың тіршілігін қамтамасыз етуге жауапты ведомстволық ұйымдардың міндеттері де көрсетілген.
Ал «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» конституциялық заң әкімшілік бірліктерді құру, тарату, олардың шекарасын өзгерту және атау беру тәртібін реттеуге арналған.
Жобаға сәйкес, әкімшілік-аумақтық бірліктерді есепке алу, тіркеу және қайта ұйымдастыру мәселелері нақты құқықтық негізге көшіріледі.
Құжат авторларының пікірінше, бұл заңның негізгі мақсаты – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және Қазақстанның аумақтық құрылымын заманауи талаптарға сай жетілдіру. Мұндай өзгерістер өңірлік басқару жүйесін оңтайландырып, әкімшілік шешімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







