Қазақстанда жекеменшік мектептер оқушылар санын әдейі көбейтіп, бір баланы бірнеше рет басқа мектептерге ауыстыру арқылы бюджеттен қосымша қаражат алған. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы бюджет есебіне жасаған қорытындысында айтылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Аудиторлардың анықтауынша, елдегі жекеменшік мектептерде оқушылар саны әдейі көбейтіліп көрсетіліп, кейбір оқушылар бір мектептен екінші мектепке 5-тен 12 ретке дейін ауыстырылған.
«1333 оқушы бірнеше рет мектеп ауыстырған. Кәсіпкерлер қосымша қаражат алу үшін мектептегі оқушылар санын жасанды түрде көбейткен. Кей жағдайларда қағаз жүзінде көрсетілген оқушылар саны мектеп ғимаратының нақты сыйымдылығынан үш есеге артып кеткен», – деп жазылған аудит қорытындысында.
Жалпы 2025 жылы 559 жеке мектепте оқитын 203 мыңнан астам оқушыны қаржыландыру үшін бюджеттен 149,2 млрд теңге бөлінген.
Соңғы бес жылда жекеменшік мектептерге бөлінетін ақша 20 есе көбейсе де, нақты оқушылар саны бар болғаны 6 есеге ғана өскен.
Әлихан Смайылов бастаған аудиторлар мектеп иелерінің салық декларацияларында табысын азайтып көрсеткені мен жөндеу жұмыстарын сапасыз орындағанын да анықтаған. Кей мектептер қомақты ақша бөлінген күрделі жөндеудің орнына арзандау косметикалық жөндеу жасаған.
Сонымен қатар, соңғы жылдары жекеменшік мектептерге мемлекет тарапынан көп ақша бөлінгенімен, білім сапасы айтарлықтай көтерілмеген. Оқушылардың білім деңгейі төмендеп, педагогтардың кәсіби деңгейі нашарлап кеткен.
Білім беру саласын қаржыландыруды ашық ету үшін 2025 жылдың соңына қарай Қаржы министрлігі жекеменшік мектептерді Orta-bilim.e-qazyna цифрлық платформасына көшірген. Бұл жүйе мемлекет бөлетін қаржының жұмсалуын қатаң бақылауға мүмкіндік береді деп жоспарлануда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







