Kaspi.kz халықаралық ақша аударымдарының аясын кеңейтіп, UnionPay карталарына қаражат жіберу мүмкіндігін іске қосты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Енді қазақстандықтар Қазақстан, Қытай және өзге мемлекеттердің банктері шығарған UnionPay карталарына қосымша арқылы ақша аудара алады. Компания аударымның жылдам әрі қауіпсіз жүргізілетінін мәлімдеді.
Бұған дейін Kaspi Gold пайдаланушылары Visa, Mastercard, Элкарт, Uzcard және Humo карталарына лезде ақша жіберіп келген. Жаңа қызмет халықаралық төлем бағыттарының қатарын толықтырды. Операция Kaspi. kz мобильді қосымшасы арқылы орындалады.
Қазақстандық банк шығарған UnionPay картасына ақша аудару үшін оның нөмірін көрсету жеткілікті. Қытайға қаражат жіберген кезде аударым мақсатын таңдау қажет. Басқа халықаралық аударымдар барысында алушының аты-жөні қосымша енгізіледі.
Kaspi.kz қосымшасында кері бағыттағы операция да қолжетімді болды. Пайдаланушылар өзге қазақстандық банктер шығарған UnionPay карталарынан Kaspi Gold шотына ақша аудара алады. Қызметтің шарттары мен аударым жасау тәртібі Kaspi Гид сервисінде көрсетілген.
UnionPay төлем жүйесі Қытайда құрылған және әлемдегі ірі төлем операторларының қатарына кіреді. Компания дерегіне сәйкес, дүниежүзінде 9 миллиардтан астам UnionPay картасы шығарылған. Аталған карталар Қазақстанды қоса алғанда 183 мемлекетте қабылданады.
Kaspi.kz миссиясы клиенттер мен серіктестердің күнделікті өмірін жеңілдететін инновациялық өнімдер мен сервистер әзірлеуге бағытталған. Компания қызметтерін Қазақстан мен Түркияда 25 миллионнан астам клиент және 900 мың серіктес пайдаланады.
Қазақстандағы суперқосымша төлем, электрондық коммерция, онлайн-супермаркет, қаржы технологиясы, саяхат, хабарландыру және мемлекеттік қызмет секілді бағыттарды біріктіреді.
Kaspi.kz Түркияда Hepsiburada электрондық коммерция платформасына иелік етеді. Hepsiburada елдегі жетекші сауда алаңдарының бірі саналады. Компания осы платформа арқылы түрік нарығындағы цифрлық экожүйесін дамытып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







