Жетісу облысының Ақши ауылында өткен «Алакөл толқыны» мәдени-туристік фестиваліне бес мыңнан астам адам қатысты. Ауқымды шара Алакөлдің туристік әлеуетін танытып, көл жағалауындағы демалыс маусымына мерекелік серпін берді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Республикалық оқиғалар мен іс-шаралар күнтізбесіне енген фестиваль Алакөл жағалауында ұйымдастырылды. Оған Қазақстанның әр өңірінен келген демалушылармен қатар, Қытай, Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген туристер қатысты. Көл маңында мәдениет пен туризм тоғысқан үлкен мереке өтті.
Салтанатты ашылу Алакөл өңірінің табиғи ерекшелігі, тарихи мұрасы және туристік мүмкіндігін таныстырған бейнероликтен басталды. Көрермендерге көлдің шипалы қасиеті мен жағалаудағы демалыс бағыттары ұсынылды. Арнайы бағдарлама өңірдің туристік брендіне назар аударды.

Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев өңірде туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, жағалаудағы инфрақұрылымды жақсарту және қызмет көрсету сапасын көтеру басты міндеттің бірі саналады. Алакөлді халықаралық деңгейдегі туристік бағытқа айналдыру жұмысы жалғасады.
Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев Алакөлдің ел туризміндегі стратегиялық маңызын атап өтті. Оның пікірінше, осындай мәдени жобалар Қазақстанның туристік имиджін күшейтеді. Вице-министр ұйымдастырушыларға алғыс айтып, қонақтарға ізгі тілегін жеткізді.

Ресми бөлімнен кейін көл жағалауында үлкен концерт өтті. Сахнада Turar, Ayree және Әсел Мекебаева өнер көрсетіп, көпшілікке танымал әндерін орындады. Мыңдаған көрермен ашық аспан астындағы музыкалық кешке ерекше ықылас танытты.
Қонақтарға арналған ойын-сауық бағдарламасы да мазмұнды болды. Ходулистер, тірі мүсіндер мен алып ойыншық кейіпкерлері жағалауды түрлі түске бояп, әсіресе балаларға қуаныш сыйлады. Келушілер олармен суретке түсіп, фестивальдің жарқын сәттерін естелікке айналдырды.
Интерактивті ойындарға қатысқан белсенді көрермендерге арнайы сыйлықтар табысталды. Фестиваль аумағында безендірілген фотозона жұмыс істеді. Демалушылар Алакөлдің көркем табиғаты аясында естелік суретке түсті.
Кешкі бағдарлама кәсіби DJ орындауындағы заманауи әуенмен жалғасты. Көл жағасындағы ашық би алаңы мыңдаған адамды бір ортаға жинады. Жарық пен дыбыс үйлесімі мерекелік көңіл күйді күшейтті.

Фестиваль Алакөл аспанын жарқыратқан мерекелік отшашумен аяқталды. Түрлі түсті оттар көл бетіне шағылысып, кештің әсерлі қорытындысына айналды. Қонақтар жағалаудағы ерекше көріністі ұзақ уақыт тамашалады.
«Алакөл толқыны» Жетісу облысының туристік мүмкіндігін кеңінен танытуға бағытталды. Жоба ішкі және сырттан келетін туризмді дамытуға, өңірдің мәдени өмірін жандандыруға және демалушыларға сапалы бағдарлама ұсынуға мүмкіндік берді. Фестиваль Алакөлді халықаралық деңгейдегі туристік орталық ретінде дәріптеуге жаңа серпін қосты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






