Алматының Түрксіб ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында тағы бір қоғамдық кеңістік пайдалануға берілді. Жахангер көшесіндегі №14 үйдің ауласын кешенді абаттандыруға 63 млн теңге жұмсалды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңарған нысан Түрксіб ауданы әкімдігі мен Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры барысында таныстырылды.
Абаттандыру кезінде аумақ тегістеліп, сыртқы жарықтандыру жүйесі орнатылды. Тас және асфальтбетон жабыны төселіп, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен пергола қойылды. Үстел теннисіне арналған жаңа үстел орнатылып, алаң қоршаумен жабдықталды. Қураған және шіріген жасыл желек те тазартылды.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұрын бос жатқан аула қазір балалар, жастар және егде жастағы адамдар жиналатын жайлы орынға айналған.
– Кешкі уақытта әжелер осында жиналып демалады. Жастар балаларымен келеді. Қаланың орталығындағы саябақта отырғандай әсер аламыз. Біздің көшенің тұрғындары жаңа алаңға риза, – деді аудан тұрғыны Сара Мұталханова.
Түрксіб ауданының әкімі Дамир Әкежанов жобаны әзірлеу кезінде тұрғындардың ұсынысы толық ескерілгенін айтты. Бұрынғы ескі теннис үстелінің орнына жаңа жабдық орнатылып, аумақтың барлық бөлігі қайта реттелген.
– Кешкісін балалар ойнап, ересектер үстел теннисімен айналысады. Кеңістік бос тұрмайды. Негізгі мақсат ауланы тұрғындарға қолайлы әрі жанды қоғамдық ортаға айналдыру еді, – деді аудан әкімі.
Құрылыс-монтаж жұмысы толық аяқталды. Жаңа демалыс аймағы тұрғындарға күн сайын ашық.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







