Hyundai келесі буындағы Tucson кроссоверінің алғашқы ресми суреттерін жариялады. 2027 модельдік жылға арналған көлік бұрынғы жұмсақ бедерінен айрылып, шанақ пішіні төртбұрыштанып, кесек жол талғамайтын автомобильге айналған. Күрт өзгерген келбет желі қолданушыларын екіге бөліп, қызу талқыға ұласты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа Tucson қазіргі үлгіге мүлде ұқсамайды. Дизайнерлер көліктің алдыңғы бөлігін тіктеп, капотын жалпайтқан. Доңғалақ аркалары іріленіп, шанаққа бұлшық етті сипат берген. Алдыңғы және артқы бөлікті көлденеңінен тұтасқан жарық жолағы көмкеріп тұр.
Бұрынғы Tucson-ның радиатор торына жасырылған «періште қанаты» пішіндес күндізгі шамдары да тарих қойнауына кетті. Олардың орнын жиектері өткір оптика мен тік орналасқан жарық элементтері басты. Жаңа сұлбадан Santa Fe мен Ioniq 9 модельдерінің ықпалы байқалады.
Car and Driver мен Road & Track жариялаған суреттер Hyundai компаниясына тиесілі. Автоөндіруші әзірге көліктің сыртқы және ішкі келбетін көрсетіп, техникалық сипаттамасын құпия ұстап отыр.
Салон да бастан-аяқ қайта жасалған. Алдыңғы панель көлденең бағытта созылып, ортасына үлкен мультимедиалық экран орнатылған. Дөңгеленген орталық консоль, екі шабақты төртбұрыш руль және қызғылт-сары сәндік жолақтар интерьерге бөлек мінез береді.
Алайда батырмалардың сиреуі мен тосын пішіндегі руль жұрттың бәріне бірдей ұнай қойған жоқ. Бір тарап Tucson-ның ақыры кесек әрі қымбат көріне бастағанын айтса, екінші тарап жаңа буын өзіндік болмысынан айрылып, Santa Fe-нің кішірейтілген көшірмесіне айналды деп сынауда.

Ақылды жүйе де жаңарады
Жаңа Tucson-ға Hyundai Motor Group әзірлеген Pleos Connect ақпараттық жүйесі орнатылуы ықтимал. Android Automotive негізінде жасалған платформаға онлайн карта, қосымшалар дүкені, қашықтан жаңарту және Gleo жасанды интеллект көмекшісі енгізілген. Hyundai аталған жүйені 2030 жылға дейін шамамен 20 миллион көлікке орнатуды жоспарлап отыр. Компания Pleos Connect жүйесін 2026 жылғы сәуірде таныстырған.

Моторы мен бағасы белгісіз
Hyundai қозғалтқыш түрлерін, қуатын, көлік өлшемін және сатылымға шығатын уақытын әзірге жариялаған жоқ. Автомобиль басылымдары бензинді, гибридті және қуаттауға болатын гибридті нұсқалар сақталады деп болжайды.

Алдыңғы және толық жетек ұсынылуы мүмкін. XRT жолсыз жерге бейімделген топтамасының, сондай-ақ спорттық N Line нұсқасының шығуы да күтіледі.
Сондықтан әлеуметтік желіде тараған қозғалтқыш қуаты, жүріс қоры мен бағаға қатысты сандар әзірге ресми дерек емес. Қазақстандағы сатылым мерзімі мен құны да айтылған жоқ.
Бір нәрсе анық, Hyundai Tucson-ды кезекті рет жеңіл ғана жаңартып қойған жоқ. Компания ең өтімді кроссоверінің мінезін түбегейлі өзгертіп, оны ықшам қалалық көліктен айбарлы жол талғамайтын машинаға жақындатқан. Жаңа дизайнның дауға айналуы да осы батыл бетбұрыстан туып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







