Отандық шоу-бизнесте соңғы жылдары етек алған үлкен діни толқынның кері қайту процесі басталды. Кеше ғана тақуалықтың туын тігіп, мыңдаған оқырманға «нәпсіні тиюдің» уағызын айтқан әнші-әртістер, блогерлер тұмшаланған образдан бас тартып, бұрынғы зайырлы, сахналық кейпіне қайта оралуда деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазақ эстрадасының өкілдері кезінде орамалға неге жаппай жүгінді және бүгін неге оны дәл сондай жеделдікпен шешіп жатыр?
Ең алдымен, әнші-әртістердің дінге келуі мен орамал тағуы көп жағдайда таза рухани ізденістің жемісі болмағанын мойындау қажет. 2018–2022 жылдары елімізде әлемжелінің дамуымен қатар діндар аудитория да күрт артты.
Миллиондаған просмотр жинау, көпшіліктің ықыласына бөлену дәл осы «ұят», «иман», «мұсылман әйел» архетипіне тікелей тәуелді болып қалды.
Иман монетизациясы: Орамал қалай коммерциялық брендке айналды?
Продюсерлер, маркетологтар әлгі трендті қас-қағым сәтте шап беріп ұстады. Дін сахнада өзін тауысып бара жатқан немесе шығармашылық тоқырауға ұшыраған әншілер үшін жаңа леп, таптырмас жарнамалық құралға айналды.
Басына орамал тартқан әнші әйел кенеттен «адамгершілік пен отбасылық бақыттың шамшырағы» боп шыға келді. Мұндай образ оларға тек халықтың сүйіспеншілігін ғана емес, өте майлы коммерциялық нарықтың есігін айқара ашты.
Халал косметика, мұсылманша сән үйлері, хиджаб дүкендері, кіші қажылық турлары (умра), түрлі психологиялық семинар мен әйел бақыты марафондары осылардың айналасында топтасты.
Орамал өте-мөте табысты монетизациялық құрал ретінде қызмет етті. Ән айтып таппаған табысын олар инстаграмда сәждеге жығылып, артынша күмәнді БАД пен қаржылық пирамидаларды жарнамалау арқылы еселеп тапты.
Сахна мен шариғаттың бітіспес майданы
Алайда соңғы екі жылда осы нарық шектен тыс толып, өзін-өзі жойды. Қоғам бірсарынды ақылгөй-тақуа образдардан мезі болды. Халал жапсырмасы өзінің бұрынғы сиқырлы күшін жоғалтты. Монетизация механизмі тоқтаған сәтте, орамалдың маңызы да құрдымға кетті.
Шоу-бизнес пен ислам дінінің нормалары табиғатынан бір-біріне қарама-қайшы полюстер екенін мойындау керек. Бұлардың арасында компромисс болуы мүлде мүмкін емес.
Өнер, әсіресе поп-сахна – сұлулықты паш ету, дене бітімін, дауыс ырғағын сату индустриясы. Сахна жарқ-жұрықты, ашықтықты, эмоцияны және ер-азаматтардың ынтық көзқарасын қажет етеді. Ал шариғат талабы бұған мүлдем кереғар.
Кезінде басына орамал таққан біздің эстрада өкілдері осы екі полюсті жасанды түрде біріктіргісі келді. Салдарынан сіз бен біз бірнеше жыл бойы ақылға қонбайтын көріністерді тамашаладық. Басында орамалы бар әнші қыздар, келіншектер сахнада ырғалып би биледі, клипінде сезімді бейнеледі, тойда ақша шашып жүрген қалың жұрттың ортасында ән шырқады.
Сөйтіп шизофренияға ұшырады. Бір жағынан діни жамағаттың табасы, екінші жағынан шоу-бизнестің шарттары алқымынан алды. Сахна мен шариғаттың арасындағы арқан тартыста ақыр соңы адамның туа біткен табиғаты мен ақшаға деген құштарлық жеңіп шықты.
«Умра-туризм» және діни инфляциядан кейінгі ес жию
Соңғы жылдғы тағы бір үлкен кесел – Мекке мен Мәдинаны пиар мен инстаграм-контентке айналдыру-тын. Қасиетті орындар гив ойнатудың, курс сатудың, сөйтіп мыңдаған оқырманның сеніміне кірудің алаңы болып қалды. Әзір осы үрдіс те да өзінің шырқау шыңына жетіп, құзға қарай құлдырап барады.
Бір сөзбен айтқанда, қоғамда орамал мен дінге қатысты үлкен десакрализация процесі жүріп жатыр. Орамал адамның ішкі тазалығы мен әділдігінің кепілі болудан қалды.
Мәселенің тағы бір қыры бар. Елімізде соңғы уақытта жат ағымдар мен арабтандыруға қарсы өте қуатты иммунитет қалыптасып келеді. Ерлан Қарин? Мемлекет деңгейінде де, әлемжелі тарапынан да қазақтың дәстүрлі танымы, әйел затына тән еркіндік пен зайырлы мемлекет қағидаттары алдыңғы орынға шығуда.
Шоу-бизнес жұлдыздарының орамалды жаппай шешуі бүтіндей алғанда бүкіл қоғамның жасанды идеологиялық мастықтан айыға бастағанын көрсететін белгі. Көзі қарақты қауым дінді арзан саудадан бөліп алып, жүрек түкпіріндегі жеке қарым-қатынас деңгейіне ысырып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







