Қырғыз жерінде өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойыны үлкен дау-дамаймен және көпе-көрнеу әділетсіздікпен аяқталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жарыс нәтижесінде жүлдені күштеп жұлып алу әрекеті мен спорттық этиканың аяққа тапталуы дүбірлі доданың тарихына қара таңба болып басылды. Дала өркениетін жаһанға танытуды көздеген жоба ағайын елдердің сыйластығына сына қаққан ұсақ амбиция алаңына айналып кетті.
«Ұрланған үш алтын»: Медаль кестесіндегі хаттамалық цирк
Турнирдің ең сорақы көрінісі ресми медальдық есептегі ашық бұрмалау болды. Жарыстың соңғы күні Қазақстанның Спорт министрлігі құрамамыздың 32 алтын, 20 күміс және 22 қола, жалпы саны 74 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шыққанын ресми түрде жария етті.
Жарыс қожайындары 30 алтынмен екінші орында тұрған еді. Сол-ақ екен қырғыздардың ұйымдастыру комитеті таблодағы көрсеткішті табан астынан өңдеп, Қазақстанның қоржынынан үш бірдей алтынды сызып тастады.
Ресми есепте Қазақстанды 29 алтынмен екінші орынға ысырып, 30 алтыны бар Қырғыз құрамасын бірінші орынға қойған жалған кесте пайда болды.
Желіде наразылық толқыны бұрқ еткенде, ұйымдастырушылар әлгі кестені өшіріп тастап, шамалыдан соң қайта шығарып, артынан мүлдем алып тастады. Көршіміздің Спорт агенттігі тіпті «көшпенділер ойынының ережесі бойынша ресми медальдық есеп жүргізілмейді» деген күлкілі мәлімдеме жасап, жауапкершіліктен жалтарғысы келді.
Мұндай ашық әділетсіздік спорттың қағидатымен мүлде қабыспайды. Қазақстандық тараптың табанды талабынан кейін ғана көрші елдің билігі өз қателігін мойындауға мәжбүр болды.
Жапаровтың баспасөз хатшысы Асқат Алагозов шұғыл мәлімдеме жасап, Қазақстанның жеңісі айқын әрі әділ болғанын ресми түрде мойындады.
«Медалді санау кезінде техникалық қателік орын алды. Ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының әрқайсысының медалін жеке есепке алу туралы шешім қабылдады. Жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Қазақстан иеленді. Қазақ бауырларымызды жеңісімен құттықтаймыз!», – деп жазды ол.
Дегенмен, болар іс болды. Спортшылардың маңдай терімен келген ресми нәтижені көрерменнің көз алдында бұрмалау Көшпенділер ойындарының беделіне орны толмас нұқсан келтірді.
Шолпан-Атадағы дүрбелең: Популизмнің кесірінен туған аласапыран
Жарыстың ұйымдастырушылық деңгейі де сын көтермеді. Шолпан-Атадағы көкбөрі мен көкпардың финалдық кездесуі өткен жаңа аренадағы жағдай хаосқа ұласты. Билеттің бәрі алдын ала сатылып кеткеніне қарамастан, мыңдаған адам стадионға лап қойды.
Сорақысы, қауіпсіздік шарасын қамтамасыз етудің орнына, ел басшылығы тарапынан популистік қадам жасалды. Стадион алдына жиналған қалың тобырдың қысымынан қаймыққан билік билеті жоқ барлық адамды трибунаға тегін кіргізуге пәрмен берді.
Салдарынан адал ақша төлеп, билетті заңды түрде сатып алған мыңдаған жанкүйер стадион сыртында қалып қойды немесе өзіне тиесілі орынға отыра алмады. Ақыры Қырғызстанның Мәдениет министрлігі билет құнын кері қайтару туралы шешім қабылдауға мәжбүр болды.
Шолпан-Атадағы жаңадан бой көтерген көкбөрі аренасы халықаралық талапқа мүлдем сай келмейтіні көзге ұрып тұр. Көкпардан ұлттық құрамамыздың капитаны Құрманбек Тұрғанбек финалдық ойыннан кейін аренаның сапасын ашық сынап, ұйымдастырушылардың немқұрайлығын бетке басты.
«Алаң өте нашар, шеңбер мүлдем көрінбеді. Кейбір шабандоздарымыз қатты жылдамдықпен шауып келе жатып, шеңберді таба алмай қиналды. Ұйымдастырушылар осы мәселеде өте сапасыз жұмыс істеді», – деді команда капитаны.
Финалдық тартыстар кезінде төрешілердің ашықтан-ашық алаң иелеріне бүйрегі бұруы, қазақстандық шабандоздар мен балуандарға қатысты қасақана бұра тарту анық сезілді. Төрешілердің әділетсіздігі мен трибунадағы мәдениетсіздік спортты таза бәсекеден жабайы текетіреске айналдырып жіберді.
Әлемдік деңгейдегі атағы бар жарысты қабылдаған Қырғызстан турнирдің тым құрығандағы ең қарапайым ережесін қамтамасыз ете алмады. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мақсаты өшпенділік емес, қаны бір, тарихы бір бауырлас халықтардың арасындағы көпірді нығайту, дала дәстүрін өркениетті әлемге мақтанышпен көрсету болатын.
Ортақ құндылықтың құнсыздануы
Өкінішке қарай, қырғыз жеріндегі бәсеке осы ұлы мақсаттан алшақтап, ұсақ ұлтшылдықтың ошағына айналып кетті. Көкпар мен көкбөрі тартысындағы қара ниет, трибунадағы агрессия, жеңіске жете алмаған соң медальды барымталауға тырысу бәрі, бәрі де дала мәдениетінің қағидатына мүлдем жат.
Көшпендінің басты қасиеті саналатын кеңдік, мәрттік пен әділдік жеңімпаз атануға деген жасанды эго мен арзан мақтанның астында тапталды.
Бұра тарту пен төрешілік озбырлық жалғаса берсе, өркениетті елдер мен кәсіби командалар мұндай жарысқа келуден біржола бас тартуы әбден мүмкін. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары әлемдік спорттағы салмағын сақтап қалсын десек, оған қатаң халықаралық ережелер, тәуелсіз бейтарап төрешілер институты және нақты регламент енгізілуі қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







