Қазақстанда автонесие бойынша ай сайынғы төлем орташа жалақының 30,6 пайызына жетті. Қарыздың қымбаттауы бірнеше жыл қатарынан өскен сұранысты алғаш рет төмендетіп, жаңа несие беру көлемін қысқартты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының шолуынша, 2026 жылдың алғашқы жартысында автонесие алуға берілген өтінім саны бір жылда 9 пайызға азайды. Бір жыл бұрын сұраныс 50 пайыздан астам өскен еді. Сарапшылар нарық бірнеше жылдық қарқынды кеңеюден кейін түзету кезеңіне өткенін айтады.
Автонесиенің орташа мөлшерлемесі бір жылда 18,8 пайыздан 24,4 пайызға көтерілді. Небәрі бір жылдағы өсім 5,6 пайыздық тармақты құрады. Соның салдарынан жаңа берілген несие көлемі 24 пайызға қысқарып, 886,6 млрд теңгеге түсті.
Нарықтың салқындауына қарыз қаражатының қымбаттауы мен банктердің сақ саясаты әсер еткен. Бұған қоса, бірнеше жылдық жоғары өсімнен кейін нарықта белгілі бір қанығу байқалып, автодилерлердің жеңілдік бағдарламалары азайған. Бұрын субсидияланған ұсыныстарды пайдаланған төлем қабілетті клиенттердің орнына стандартты банк шарттарына тәуелді қарыз алушылар көбейіп отыр.
Несие алу бұрынғыдан сәл қиындағанымен, мақұлдау деңгейі күрт төмендеген жоқ. Мақұлданған өтінімдер үлесі 17,6 пайыздан 16,8 пайызға азайды. Алайда жалпы өтінім саны кемігендіктен, оң шешім алған өтініштер 13 пайызға қысқарып, 449,7 мың болды.
Қарыздың қымбаттауы отбасы бюджетіне түсетін салмақты ұлғайтты. Автонесие төлемінің орташа жалақыға арақатынасы 24,7 пайыздан 30,6 пайызға көтерілген. Бұрын көлік несиесі айлықтың төрттен бірін алса, қазір табыстың үштен біріне жуық қаражатты жұтып отыр.
Көрсеткіш сарапшылар қолданатын 50 пайыздық шекті деңгейден әзірге төмен. Дегенмен несие беру қарқынының әлсіреуі бүкіл бөлшек кредит нарығын тежей бастады. Автонесие портфелі жарты жылда 5,2 пайыз ғана өссе, бір жыл бұрын өсім 23,2 пайыз болған.
Жаңа бөлшек қарыздар арасындағы автонесиенің үлесі де төмендеді. 2025 жылдың қорытындысында 13,2 пайыз болған көрсеткіш қазір 9,9 пайызға дейін түскен. Қаржыгерлер қауымдастығы автонесиелеу бұрын бөлшек нарықтың негізгі қозғаушы күшінің бірі болса, енді оның баяулауына ықпал етіп отырғанын атап өтті.
Соған қарамастан несие алушылар саны әлі де өсіп келеді. Алты айда бірегей қарыз алушылар қатары 66 мың адамға көбейді, ал былтырғы өсім 80 мың болған. Проблемалық берешек үлесі 2,7 пайыздан 3 пайызға көтерілгенімен, бөлшек несиелер бойынша орташа 4,4 пайыздық деңгейден төмен қалып отыр.
Банктер екінші жартыжылдықта дилерлердің серіктестік және субсидиялық бағдарламалары сұраныстың бір бөлігін қайтарады деп күтеді. Қазақстандағы автомобиль өндірісі де 69,8 мыңнан 138,7 мың көлікке дейін екі есеге жуық өсті. Алайда нарықтың алдағы бағытын несие құны мен азаматтардың ұлғайған ай сайынғы төлемді көтере алу қабілеті айқындайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







