Құрылтайдың жаңа регламентінде депутаттық сауалдардың орындалуын бақылауға мүмкіндік беретін тетіктер қарастырылған. Енді сауал жолданған лауазымды тұлға бір ай ішінде жауап беруге міндетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа тәртіпті Құрылтай депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Үнзила Шапақ түсіндірді.
Брифингте журналистер осыған дейін депутаттық сауалдарда өзекті мәселелер көтерілгенімен, Үкіметтің қандай шара қабылдағаны көп жағдайда белгісіз қалатынын айтты. Олар жаңа регламентте мемлекеттік органдарды нақты әрекет етуге міндеттейтін тетік бар-жоғын сұрады.
Шапақтың айтуынша, депутаттық сауалға бір ай ішінде жауап берілуге тиіс. Егер депутат келген жауапты толық емес немесе жеткіліксіз деп тапса, тиісті лауазымды тұлғаны Құрылтайға шақыра алады.
Мәселе депутаттардың қатысуымен ашық талқыланып, мемлекеттік орган өкілі қосымша сұрақтарға жауап береді.
«Депутаттық сауалды мәселені аяғына дейін жеткізіп, мемлекеттік органдармен ықпалдасып жұмыс істеудің тетігі ретінде қарастырамыз. Бұл – Құрылтай бақылауын күшейтетін механизм», – деді Үнзила Шапақ.
Сауал алдын ала сүзгіден өтеді
Депутаттық сауал мінберден оқылғанға дейін көтерілетін мәселе жан-жақты зерделенеді. Фракциялар тақырыпты алдын ала талқылап, келтірілген дәйектер мен талаптардың негізділігін қарайды.
Мұндай тәртіп мазмұны әлсіз немесе жеткілікті зерттелмеген сауалдарды азайтып, нақты мәселені шешуге бағытталған бастамалардың салмағын арттыруы керек.
Егер мемлекеттік органның жауабы депутатты қанағаттандырмаса, мәселе жабылды деп есептелмейді. Жауапты лауазымды тұлға Құрылтайға шақырылып, атқарылған жұмысын депутаттар алдында түсіндіруге тиіс.
Осылайша, депутаттық сауал тек мәселені жария ететін саяси құрал ретінде қалмайды. Жаңа регламент оның орындалуын қадағалап, мемлекеттік органдардан нақты жауап талап етуге жол ашады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







