Қазақстанда соңғы рет 2013 жылы жарық көрген мемлекеттік тілдің Орфографиялық сөздігі түбегейлі жаңартылып, оның жаңа басылымы әзірленетін болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы вице-президент Ерлан Қарин өзінің Instagram-дағы ресми парақшасында мәлімдеді.
Қоғамда күнтізбедегі тоғызыншы айдың атауын «қыркүйек» немесе «қыргүйек» деп жазу төңірегіндегі пікірталастар Ақорда деңгейінде талқыланып, нақты шешім қабылдауға түрткі болды.
«Қыркүйек» дауы және кеңсе тілінің талабы
Ерлан Қарин әлемжеліде өрбіген қызу пікірталастың тек филологтар мен әдебиетшілердің ғана мәселесі емес екенін атап өтті. Қазақ тілі ресми іс жүргізу тіліне толық көшкендіктен, сөздердің жазылуы мен дыбысталуы мемлекеттік аппараттың күнделікті қызметіне тікелей ықпал етеді.
Осыған байланысты мемлекеттік орган өкілдері қоғамдағы орынды сауалдардан тыс қалмай, мәселені жүйелі реттеуді қолға алмақ.
«Қыркүйек» пен «қыргүйекке» қатысты пікірталас бізге де жетті. Шын мәнінде, бұл тіл мамандары мен әдеби ортаның ғана мәселесі емес. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан, әрбір сөздің айтылуы мен жазылуы мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына да тікелей қатысты. Өйткені, қазір қазақ тілі кеңсе тіліне айналды. Сондықтан мұндай мәселенің бір ұшы бізге де тиетіні рас», – деп жазды вице-президент.
Мемлекет ғалымдардың ісіне араласпайды
Вице-президент биліктің сөздердің жазылу ережесіне өрескел қол сұқпайтынын кесіп айтты. Оның пайымдауынша, қай сөздің қалай таңбалануы керектігін анықтау тек тіл білімі мамандары мен ғалымдардың айрықша құзыретіндегі шаруа. Мемлекеттің негізгі функциясы тек осы процестің кедергісіз әрі жүйелі өтуін үйлестірумен шектеледі.
Осы мақсатта тіл саясатына жауапты ведомство жетекшілері мен танымал академик-ғалымдардың қатысуымен арнайы жиын өтіп, ортақ мәміле жасалған.
«Әрине, мемлекет қай сөзді қалай жазу керек екеніне араласа алмайды, араласпайды да. Бұл – сала мамандары мен ғалымдардың жұмысы. Біздің міндетіміз осы істі тиімді үйлестіру.
Сол себепті елімізде тіл саясатын жүргізіп отырған мекемелердің басшылары мен белгілі ғалымдарды жинап, аталған тақырып жөнінде пікір алмастық. Талқылау барысында қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігін әзірлеу қажет деген шешімге келдік.
Алдымен белгілі ғалымдардан арнайы жұмыс тобы құрылып, жаңа сөздік дайындалады. Ұсынылған еңбек Мекемеаралық комиссияда қаралып, бекітіледі», – деді Ерлан Қарин.
13 жылдық үзіліс және ұлттық жоба мәртебесі
Қазіргі қолданыста жүрген Орфографиялық сөздік 2013 жылы жарық көрген болатын. Арада өткен 13 жыл ішінде еліміздің әлеуметтік, экономикалық, ғылыми-техникалық өміріне мыңдаған жаңа ұғымдар мен атаулар енді. Терминдер мен сөздердің бірізді ережесінің болмауы қоғамда, әсіресе мектеп оқулықтары мен ресми құжаттарда сан түрлі алалықтардың туындауына әкеп соқтыруда.
Вице-президент жаңа басылымды әзірлеу ісіне елдік деңгейдегі кешенді бастама ретінде қарау қажеттігін ескертті.
«Орфографиялық сөздік соңғы рет 2013 жылы шыққан. Содан бері қолданысқа қаншама жаңа сөздер қосылды. Қазіргі пікірталастардың бір ұшқыны да сонда жатыр. Бұл істе асығыстық танытуға болмайды әрі созып жүруге де уақыт жоқ. Қазақстан тарихының көптомдық академиялық жинағын әзірлегендей, жаңа Орфографиялық сөздікке де ұлттық жоба ретінде қарауға тиіспіз», – деп түйіндеді ол.
Алдағы уақытта құрылатын ғылыми жұмыс тобы қоғамда дау тудырып жүрген барлық күрделі сөздердің емлесін ғылыми негізде жүйелеп, көпшіліктің талқысына ұсынбақ. Түпкілікті құжат бекітілген соң, барлық білім беру және мемлекеттік органдардағы жазу нормалары бірыңғай стандартқа көшіріледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







