Қазақстан Республикасы Құрылтайының жанынан заң жобаларын сараптау және азаматтық диалогты нығайту мақсатында 50 адамнан тұратын Қоғамдық палата құру туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа тұрақты алаң халық қалаулыларының сарапшылармен, ғалымдармен, үкіметтік емес ұйымдар және өңір өкілдерімен тікелей өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз етеді. Оның негізгі тетіктерінің бірі ретінде заң шығару процесіне «нөлдік оқылым» тәжірибесін енгізу көзделген.
Қоғамдық палатаның басты миссиясы – заң жобаларын «нөлдік оқылым» сатысында сүзгіден өткізу. Мұндай қадам қоғам үшін маңызды құжаттарды ресми талқылауға шығармас бұрын оның кем-кетігін анықтауға жол ашады.
«Нөлдік оқылым» қалай жүзеге асады?
Құрылтай депутаты Айдос Сарым жаңа құрылым жай ғана кеңесші орган емес, нормативтік-құқықтық құжаттарды сапалы зерделейтін кәсіби алаңға айналатынын жеткізді. Оның айтуынша, заңнамалық тәсілдер әзірленіп жатқан сәтте қоғамдық көзқарастарды барынша ескеру қажет.
«Мұнда заң жобасының негізгі ережелерін егжей-тегжейлі талқылап, түзетулер мен толықтырулар енгізуге болады. Аталған тәсіл балама ұстанымдарды, кәсіби бағаларды, ықтимал ескертулер мен ұсыныстарды алдын ала тыңдауға кең мүмкіндік береді. Біздің міндет – қоғамды тек дайын шешімдер туралы хабардар етіп қана қоймай, нормаларды дайындау процесіне азаматтардың тікелей қатысуын қамтамасыз ету», – деді депутат.
Осылайша, тәуелсіз сарапшылар мен мамандар заңнамалық бастамаларға дер кезінде түзету енгізуге мүмкіндік алады.
Палата құрамы және қаралатын мәселелер
Қоғамдық палатаның құрамына барлық саяси партия фракцияларының өкілдері, үкіметтік емес сектор белсенділері, түрлі сала мамандары мен өңірлерден келген делегаттар енеді. Қажет болған жағдайда арнайы тақырыптарды талқылау үшін жекелеген салалық ғалымдар, бейінді министрлер, әкімдер және халықаралық сарапшылар шақырылмақ.
Жұмыс тобы тек заң жобаларымен шектелмейді. Ел ішіндегі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өткір сауалдар да ортақ талқылауға шығарылады. Өңірлердегі өзекті түйткілдерді дер кезінде көтеру үшін көшпелі отырыстар өткізу тетігі де қарастырылған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







