Қазақстан халқының екінші деңгейлі банктер алдындағы жалпы қарызы 26,5 трлн теңгеге жетті, ал несие мөлшерлемелері нарықтағы күтулерге қарамастан қайтадан қымбаттай түсті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, тек тамыз айының өзінде халықтың несие портфелі 1,2%-ға, ал жыл басынан бері 6,9%-ға өскен. Қазақстан экономикасына берілген жалпы қарыз 42,8 трлн теңгеден асты.
Пайыздық қайшылық пен қымбаттаған несиелер
Бұл сандардың ішіндегі ең сорақысы — пайыздық қайшылық. Теңгелік жеке несиелердің орташа мөлшерлемесі тамызда бірден 20,6%-ға дейін секірді. Тіпті ипотеканың орташа мөлшерлемесі де 10,7%-ға дейін қымбаттаған.
Ал дәл осы уақытта халықтың банкке салатын депозиттерінің сыйақысы керісінше 14,6%-ға дейін төмендеді. Яғни, банктер қарапайым жұрттан ақшаны арзанға тартып алып, халықтың өзіне үстеме бағамен қымбатқа сатып отыр. Маржа кеңейді, банктердің пайдасы еселенді.
Қызығы сол, дәл осы кезеңде бизнеске берілетін несиелер, әсіресе шағын және орта кәсіпкерлік үшін 19,7%-ға дейін арзандаған. Барлық ауыртпалық пен қымбатшылық тағы да қарапайым бұқараға артылды.
Проблемалық берешек пен төлем қабілеті
Қазіргі уақытта 17,6 трлн теңге тұтынушылық несиеге тиесілі болса, 7,8 трлн теңгесі — ипотекалық қарыз. Жыл басынан бері баспана несиесінің көлемі 11,5%-ға артқан.
Шыны керек, несие алушылардың 1,2 трлн теңгеден асатын қарызы 90 күннен асып, «проблемалық» күйге түскен. Реттеуші мұны «норма шегінде» деп сендіргенімен, қымбат несие халықтың төлем қабілетін тұншықтырып жатқаны анық.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







