Мемлекеттік телеарнада 15 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан танымал спорт журналисі Аслан Қаженов өзіне қатты қысым жасалып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тілшінің айтуынша, Азия ойындарындағы отандық спорттың мәселелерін ашық көтеріп, Ұлттық олимпиадалық комитет басшылығын сынағаннан кейін оған жұмыстан өз еркімен кету талабы қойылған. Әйтпесе, бірнеше қылмыстық бап бойынша сотқа тартатынын айтып қоқан-лоқы көрсеткен.
Жапониядағы кикілжің және өшірілген жазбалар
Даудың басы Азия ойындары кезінде Ұлттық олимпиада комитетінің басшысы Геннадий Головкинмен арадағы түсініспеушіліктен басталған. Тілші жарыс алаңында боксшымен амандасқан кезде балағат сөз естігенін жазып, отандық атлеттердің тартып алынған жеңістерін қорғауға шақырған болатын.
Көп ұзамай журналиске жазбаны өшіру туралы талап қойылып, қысым күшейген.
«Сол кезде Геннадий Головкинге қатысты жазбаны алмасаң, эфирге шығармаймыз, жұмыстан шеттетеміз, заңмен қудалаймыз деген сияқты түрлі хабарлама келді. Екі күннен кейін ұлтаралық алауыздықты қоздырдың деген айыппен соттатқалы жатырмыз дегенді тағы жеткізді. Амал жоқ, отбасы мен бала-шағамның қауіпсіздігі үшін жазбаны өшіріп тастадым», – деді Аслан Қаженов.
Жұмыстан қуу талабы мен Президентке үндеу
Алайда қысым елге оралған соң да тоқтамаған. Журналист «Хабар» агенттігіндегі заңгерлер мен басшылық тарапынан қызметтен өз еркімен кету жөнінде талап қойылғанын, әлеуметтік желідегі жазбалары үшін ІІМ-ге арыз дайындалып қойғанын жеткізді.
Тілші қазақ спортының мәселесін ашық айту қылмысқа айналмауы керек екенін алға тартып, Президент Тоқаевқа араша сұрап үндеу жолдады.
«Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев, осы мәселе Сізге жетеді және назар аударасыз деп сенемін. Мемлекеттік арнада 15 жыл еңбек еткен қатардағы тілшіні осынша қысымға алып жатыр. Мен қарапайым адаммын. Жоғарыдан тапсырма беретін саяси ықпалым да, мықты адвокат жалдайтын қаржым да жоқ. Бірақ қазақ спортындағы олқылықтарды ашық сынауға құқылымын», – деп жазды тілші.
Олимпиада чемпионының қолдауы
Журналистің басына түскен жағдайға бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев үн қатып, оған ашық қолдау білдірді.
«Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов бауырымыз ғана шындықты шырылдатып айтып, спортшыларымыздың мұңын бүкіл елге жеткізді. Турасын айтқан туғанына жақпайды дегендей, мәселені тереңінен зерделеп шешудің орнына Асланды түрлі жолдармен қорқытып, сөз бостандығынан айыруда. Аслан – ел спортына керек азамат, қайсар мінезді, турасын айтатын мықты журналист. Қоғамға керегі де осындай азаматтар», – деп жазды Бақтияр Артаев.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







