Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласындағы жылу инфрақұрылымы нысандарын аралап, алдағы қысқы маусымға дайындық барысын тексерді. Өңір басшысы шаһардағы жаңа қуат көздерінің құрылысы мен тозған жылу желілерін жаңғырту жұмыстарын бақылап шықты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
48 миллиард теңгенің жаңа қазандығы
Қалада қыс мезгілінде тұрақты температураны сақтау мақсатында жаңа қазандық салынып жатыр. Жалпы жылу қуаты сағатына 363 Гкал болатын стратегиялық нысанның құны 48 миллиард теңгені құрайды.
Жоба үш кезең бойынша жүзеге асырылуда. Құрылысты жеделдету үшін биыл Инфрақұрылымды дамыту қорынан 6,8 миллиард теңге қаржы бөлінді. Жаңа қазандық пайдалануға берілгеннен кейін Ақтаудың қарқынды дамып келе жатқан жаңа шағынаудандарын үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қаладағы қолданыстағы жылу көздеріне түсетін жүктемені айтарлықтай жеңілдетеді.

10 шақырымдық тозған құбырлар ауыстырылуда
Облыс әкімі 3А, 3Б шағынаудандары мен Аурухана қалашығындағы жылу желілерін жаңғырту алаңдарына да барды. Бұл аумақтарда барлығы 10,2 шақырымдық жылу желісі толықтай жаңартылып жатыр.
Жөндеу барысында көп жылдар бойы шіріп тозған темір құбырлар заманауи полимерлі материалдарға ауыстырылуда және тиісті қосалқы жабдықтар қойылуда. Атқарылып жатқан шаралар көпқабатты тұрғын үйлермен қатар, аймақтағы әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарға келетін жылу сапасын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ өңір басшысы орталық жылу пунктіндегі жұмыстармен танысып, үйлерге жылу берудің үздіксіз жүруін қадағалады.
Сапа мен мерзімге қатаң талап
Қала инфрақұрылымын аралаған Нұрдәулет Қилыбай жауапты басқармаларға, мердігерлік ұйымдар мен қала әкімдігіне нақты міндеттер жүктеді.
Әкім құрылыс пен жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде сапалы аяқтауды қатаң тапсырды. Қыс кезінде тұрғындардың жылусыз қалуына жол берілмейтінін ескерткен аймақ басшысы жылыту маусымының қауіпсіз әрі тұрақты өтуі басты бақылауда болатынын қадап айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







