Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында «Музыка на все времена» концерті өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазақстанның мемлекеттік симфониялық оркестрі Италия, Франция, Чехия және Аустрия композиторларының танымал опера мен опереттасынан құралған бағдарлама ұсынды.
Классикалық музыка жауһарлары
Кеште Медет Шотабаев, Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ, Айзада Капонова, Салтанат Ахметова, Азат Мәлік, Ибраһим Амин, Нұрсезім Саматқызы, Лаура Ғалым және Талғат Аллабиринов өнер көрсетті. Ал оркестердің көркемдік жетекшісі Мирас Нұржанов дирижерлік етті.
Концерт Пьетро Масканьидің «Ауыл абыройы» операсындағы интермеццомен басталды. Одан кейін көпшілік «Севилья шаштаразы», «Тұрандот», «Травиата», «Ромео мен Джульетта», «Русалка» және өзге де танымал опералардан ариялар мен дуэттер тыңдады. Сондай-ақ Франц Легар мен Имре Кальманның оперетталарынан үзінділер орындалды.
Кеш соңында әншілер Джузеппе Вердидің «Травиата» операсындағы әйгілі «Brindisi» әнін бірге шырқады.
Концерттің құрметті қонақтары қатарында Түрікменстанның еңбек сіңірген әртісі Батыр Чарыев пен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Таалайбек Усубалиев болды.
Өнер кеші елорда жұртшылығына опера әншілері мен симфониялық оркестрдің орындауындағы әлемдік классиканың таңдаулы шығармаларын тарту етті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







