Алматы тұрғындары соңғы кездері жерасты көлігінің шамадан тыс жүктелуіне, әсіресе таңғы және кешкі қарбалас сәттердегі адам лық толы перрондар мен вагондарға жиі шағымданатын болды. Әлеуметтік желілерде ине шаншар орын таппай қиналған қалалықтардың видеолары көбейіп, бекеттердегі адам кептелісі күн өткен сайын күрделеніп барады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қарбалас уақыттағы қысым мен негізгі станциялар
Жолаушылар әсіресе таңғы 07:00-ден 09:00-ге дейін және кешкі 17:00-ден 19:30-ға дейінгі уақытта вагондарға мінудің өзі үлкен сынаққа айналғанын айтады. «Метрополитен» мекемесінің ресми мәліметінше, қазіргі уақытта ең ауыр жүктеме «Райымбек батыр», «Абай», «Байқоңыр» және «Бауыржан Момышұлы» бекеттеріне түсіп отыр.
Жерасты көлігінің әкімшілігі адам ағынын реттеу үшін арнайы қызметкерлерді жұмылдырып, перрондардағы қауіпсіздік пен тәртіпті бақылауға тырысып жатыр. Алайда бұл шаралар жолаушылар қозғалысын жүйелегенімен, пойыздардағы орын тапшылығын түбегейлі шеше алмайды.
Сәтсіз өткен 29 миллиард теңгелік тендер
Метродағы тығыздықты жоюдың негізгі жолы – қозғалыс құрамдарының санын арттыру. Мекеме үш кезеңде жаңа 10 пойыз сатып алуды көздеген еді. Жоспар бойынша, алғашқы екі құрам биылғы желтоқсанда жеткізіліп, келесі жылдың басында желіге шығуы тиіс болған. Одан кейін 2027 жылы тағы үш пойыз, ал 2028 жылы бес пойыз сатып алу межеленген.
Алайда 2025 жылдың қыркүйегінде жарияланған құны 29 миллиард теңгеге жуық ашық байқауға бірде-бір өнім берушіден өтінім түспей, тендер өтпей қалған. Бұдан кейін мемлекеттік сатып алу порталында жаңа конкурс өткізілмеген. Соған қарамастан, метрополитен биылғы жылдың соңында екі құрам келеді деп сендіргенімен, олардың қандай келісімшарт негізінде және қай жеткізушіден алынатыны жарияланбады. Сонымен қатар мамандар тіпті жаңа вагондар қосылған күннің өзінде жүктеме толық жойылмай, тек ішінара жеңілдейтінін мойындайды.
Жаңа станциялар мен желінің кеңеюі
Қазіргі кезде мегаполисте метроның тек бір бағыты жұмыс істейді. Биылғы желтоқсанда он екінші станция – «Қалқаман» ашылады деп күтілуде. Бұл станцияның құрылысы алты жылға, яғни 2020 жылдан 2026 жылға дейін созылды.
Келесі кезеңде желіні «Барлық» базарына дейін тағы 5,2 шақырымға ұзарту жоспарланған. Жоба аясында үш жаңа жерасты станциясын салу көзделген. Олардың екеуі Алатау даңғылы бойында, ал соңғысы базар аумағында орналасады. Қала билігі бұл құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін 2,9 миллиард теңге бөлді.
Сарапшы пікірі: мәселені қалай шешуге болады?
Сәулетші әрі урбанист Давид Камински қоғамдық көліктің шамадан тыс жүктелуі қаланың ірі мегаполиске айналу кезеңінен басталғанын атап өтті.
«Алматыда қоғамдық көлік жүктемесі 1980 жылдардан бері бар түйткіл. Ал метроның тарлығы 2015 жылы «Мәскеу» және 2022 жылы «Бауыржан Момышұлы» бекеттері ашылып, жатын аудандар орталықпен байланысқаннан кейін өткір сезіле бастады. Осылайша жерасты пойызы толыққанды қалалық көлікке айналды», – деді Давид Камински.
Маманның айтуынша, қазір Алматы агломерациясының күндізгі тұрғындар саны 4 миллионға жуықтайды. Мұндай ауқымды мегаполис үшін тек бір бағыттағы төрт вагонды пойыздар тым аздық етеді. Сондықтан урбанист болашақта жобаланатын екінші және үшінші метро желілеріне алты-сегіз вагонды құрамдарды қабылдай алатын кең бекеттер салуды ұсынады.
Сондай-ақ сарапшы қаладағы қарбаласты азайту үшін шұғыл шараларды қолға алу қажеттігін ескертті.
«Метро желісінің бойымен жеке бөлінген жолағы бар экспресс-автобустарды іске қосу керек. Сонымен қатар жерасты көлігінің жұмысын түнгі сағат екі-үшке дейін ұзартып, түнгі автобус бағыттарын ұйымдастырған жөн», – деп ұсынды сарапшы.
Урбанистердің тұжырымынша, метроны басқа қоғамдық көліктерден бөліп қарауға болмайды. ЛРТ, БРТ мен жерасты жүйесі бірін-бірі толықтырып, біртұтас көлік желісін құрағанда ғана миллиондаған жолаушы діттеген жеріне кедергісіз жете алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







