Қарасай ауданында халық санының өсуіне және жаңа тұрғын үй алаптарының кеңеюіне байланысты ауыз су инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ауыз су желілерін жаңғырту жұмыстары
Биыл Жаңатұрмыс, Қаратөбе, Жармұхамбет және Қайрат ауылдарында жалпы құны 3,2 млрд теңгеге жуық ауыз су жүйелерінің құрылысы аяқталды.
Сонымен қатар, Елтай, Шалқар және Кемертоған ауылдарында жалпы құны 8,1 млрд теңгені құрайтын жобалар іске асырылуда.
Алдағы уақытта Жібек жолы, Көлащы, Береке және Көктоған ауылдарының ауыз су жүйелерін жаңғырту көзделіп, жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде.
Бұдан бөлек, бұрын жекешелендіріліп, ұзақ жылдар бойы жаңғыртылмаған су желілерін ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Прокуратура органдарымен бірлескен шаралардың нәтижесінде 56 су мұнарасы мен 37 шақырым су желісі «Таусамалы Қызмет» мекемесіне берілді. Нәтижесінде 20 мың дербес шот ашылып, тұрғындарға ауыз су қызметін көрсетуді жүйелендіруге мүмкіндік туды.
Электрмен жабдықтау жүйесінің қуатын арттыру
Халық саны қарқынды өсіп келе жатқан Қарасай ауданында электр энергиясына деген сұраныс жылдан-жылға артуда. Осыған байланысты электрмен жабдықтау жүйесін жаңғырту және оның қуаттылығын арттыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, Көлді ауылындағы электр станциясын жаңғырту, сондай-ақ Жармұхамбет ауылында «Индустриальная» қосалқы станциясын салу жоспарланған.
2025 жылы Батан, Елтай, Исаев және Бекболат ауылдарында 1,3 млрд теңгеге 36,6 шақырым электр желісі жаңартылып, 24 трансформаторлық қосалқы станция орнатылды.
Биыл «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы аясында Көксай, Іргелі және Жібек жолы ауылдарында 595 электр бағанасын ауыстыру және 7,6 шақырым желіні жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Көксай ауылындағы жұмыстар аяқталды. Қалған жұмыстарды 1 желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар, 2028 жылдың соңына дейін Қаскелең қаласы мен ауданның 12 ауылында 145,5 шақырым электр желісін жаңғырту көзделген. Бұдан бөлек, 14 елді мекеннің электр жүйелерін жаңартуға жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп бюджеттік өтінім ұсынылды.
Ауданда бұрын жекешелендірілген инженерлік инфрақұрылым нысандарын мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары да жүргізілді. Нәтижесінде 249 трансформаторлық қосалқы станция мемлекет меншігіне қайтарылып, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның сенімгерлік басқаруына берілді.
Бұл шаралар нәтижесінде 9 821 дербес шот ашылып, тұрғындарға электр энергиясы үшін «АлматыЭнергоСбыт» тарифтері бойынша төлем жасауға мүмкіндік берілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







