Журналист Асқар Жалдинов Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының ауысуына байланысты арнайы қызметтің отыз жылдан астам тарихына талдау жасады. Ол өз жазбасында ведомствоны әр жылдары басқарған басшылардың тағдыры мен орын алған саяси дау-дамайларды саралап, бұл қызметтің аса жауапты әрі күрделі екенін атап өтті. Автор соңғы кадрлық шешімдердің түпкі себептеріне назар аудара отырып, бұрынғы төрағалардың кейінгі өміріне шолу жасады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бүгін бізде ҰҚК төрағасы ауысты. Ермек Сағымбаев қызметінен босатылып, оның орнына Марат Ирменов тағайындалды. Сол күні Ақорда арнайы қызмет басшылығының ауысу себебін де жариялады. «Самұрық-Қазына» қоры мен «ҚТЖ» ұлттық компаниясы басшыларын пара үстінде ұстау кезінде кеткен қателіктер үшін Президент Сағымбаевты қызметінен босатты, ал ІІМ министрі Сәденовке іс жүзінде сөгіс жариялады. Бас полицейге оның қарамағындағылар доллар толы чемодандар түскен орынды дұрыс қоршауға алып, ақпараттың тарап кетпеуін қадағалаудың орнына, айғақтарды оңды-солды видеоға түсіріп, желіге жариялап жібергені үшін шара қолданылды. Нәтижесінде парақорларды ұстаудағы дұрыс нәтиженің орнына ел фарс пен комедияға куә болып, күллі әлемге күлкі болды.
Осыған байланысты еліміздің бас арнайы қызметінің тарихына біраз үңілуді жөн көрдім. Қарап отырсам, өте қызықты жайттар бар екен. Бізде ҰҚК төрағасының креслосы аса жауапты ғана емес, сонымен бірге тағдыры күтпеген бұрылыстарға толы болып шықты. Ол орындықтан министр, дипломат, сенатор, сотталушы, ал ерекше талантың болса, тіпті танымал YouTube-блогер креслосына ауысуға болады.
Тәуелсіздік жылдарында ҰҚК-ні 13 адам басқарды. Олардың екеуі бұл ведомство тізгінін екі мәрте қолға алып үлгерді. Әрі әрқайсысының дерлік өзіндік қызықты тарихы бар.
Әр жылдардағы төрағалар және үлкен саясат
Бастапқыда бәрі біршама байсалды басталған еді. Алғашқы төраға Болат Баекенов кеңестік КГБ-ның орнына қазақстандық арнайы қызметті құрды. Сәт Тоқпақбаев кейіннен Қорғаныс министрі болды. Жеңісбек Жұманбеков те атышулы қоғамдық дау-дамайсыз қызмет атқарды.
Ал одан кейін ең қызығы басталды. Әлнұр Мұсаев ҰҚК-ні екі рет басқарды. Кейін бұрынғы Президент Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевпен бірге мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенді. Олардың бұл ойы іске аспай, Мұсаев шетелге қашып кетті де, посткеңестік кеңістіктегі арнайы қызметтердің бұрынғы жетекшілері ішіндегі ең сөзге үйіріне айналды. Бүгінде Қазақстанда Мұсаев Еуропадан пікір білдірмейтін бірде-бір оқиға қалмағандай. Кейде оның шетелдегі өмірі эмиграция емес, ҰҚК-нің тәулік бойы жұмыс істейтін баспасөз орталығы сияқты әсер қалдырады.
Нұртай Әбіқаев та комитетті екі рет басқарды. Алғашқы төрағалығы қазақстандық МиГ-21 жойғыш ұшақтарын Солтүстік Кореяға заңсыз сату төңірегіндегі халықаралық жанжал аясында аяқталды. Мұндай оқиғадан кейін үлкен саяси мансаппен қоштасуға болатындай көрінген еді. Бірақ олай болмады! Он бір жылдан кейін Әбіқаев ҰҚК басшылығына қайта келді. Біздің ел таңғаларлық қой.
Кейбір адамдар бір өзенге екі рет түспейді, ал кейбіреулер ҰҚК төрағасының кабинетіне екі мәрте кіреді.
Марат Тәжин комитетті бірнеше ай ғана басқарғанымен, кейін үлкен саяси және дипломатиялық мансап жасады.
Келесі басшы Нартай Дүтбаев болды. Оның төрағалығы Алтынбек Сәрсенбаев пен оның екі көмекшісінің қастандықпен өлтірілуінен кейін тәмамдалды. Қылмысқа ҰҚК-нің «Арыстан» арнайы жасағының қызметкерлері араласқаны анықталды. Кейін Дүтбаевтың өзі сыбайлас жемқорлық және банкир Ержан Тәтішевті өлтіруге сыбайлас болғаны үшін сотталып, бас бостандығынан айырылды. Тергеу, содан кейін сот оның Мұхтар Әблязовтың істеріне, соның ішінде Тәтішевті өлтіруге және БТА банкті тартып алуға іс жүзінде жедел таса болғанын анықтады.
Бірақ оның қоғамдық белсенділігі мұнымен тоқтаған жоқ. Бостандыққа шыққан соң бұрынғы төраға ашық сұхбаттар бере бастады. Қазір саяси астыртын әрекеттер, бұрынғы әріптестері, билік құпиялары, тіпті масондар туралы баяндайды. Сұхбаттарының тақырыптарына қарағанда, қазақстандық қарсы барлау кезінде тек шетелдік тыңшыларға ғана емес, біраз экзотикалық ұйымдарға да қызығушылық танытқандай.
Дүтбаевтан кейін комитетті Амангелді Шабдарбаев басқарды. Оның тұсында Рахат Әлиев пен Мұхтар Жәкішевтің даулы істері өрбіді, ал ҰҚК-нің өзі элитаішілік ауыр қақтығыстардың ортасында қалды. Қазір Шабдарбаев та естеліктерімен белсенді бөлісіп жүр. Сұхбаттар, өмірбаяны туралы фильмдер, кімнің кімді сатқаны, кімді отырғызғаны және мемлекетті шын мәнінде кім құтқарғаны жайлы әңгімелер айтылады.
Ең қызығы – бұрынғы төрағалардың бір-бірімен ашық пікір таластыруы. Дүтбаев Шабдарбаевты айыптайды, Шабдарбаев Дүтбаевқа жауап қайтарады, Мұсаев өз нұсқасын ұсынады. Осының бәрін көріп отырып, біздің ҰҚК-де жай ғана барлаушылар мен қарсы барлаушылар емес, болашақ мемуаршылардың тұтас тобы жұмыс істегенін түсінесің.
Әділ Шаяхметов комитетті ұзақ басқармады және қоғамдық дау-дамайларда айтарлықтай із қалдырмады. Владимир Жұмақановтың жолы азырақ болды. Оның қысқа төрағалығы тұсында 2016 жылы Ақтөбе мен Алматыдағы лаңкестік оқиғалар орын алды. Осыдан кейін комитет басшылығы қайта ауысты.
Кәрім Мәсімов және Қаңтар дағдарысы
Міне, осы жерде біз ең қызықты кейіпкерге келеміз. Кәрім Мәсімов. Қазақстанның екі мәрте премьер-министрі болған, Президент Әкімшілігін басқарған, ал содан кейін ҰҚК тізгінін бес жарым жылға жуық ұстаған тұлға.
Яғни алдымызда жай ғана кәсіби күштік құрылым өкілі емес, елдің ең ықпалды мемлекет қайраткерлерінің бірі тұрды. Жоғары мемлекеттік құпияларға, жедел ақпараттарға және лауазымы бойынша арнайы қызметтің шексіз мүмкіндіктеріне қол жеткізген адам. Қызметке кіріскен алғашқы айларда Мәсімовтің ҰҚК мұрағатынан шықпай, өз қарсыластарына қатысты барлық жедел құжаттарды көтергені айтылады. Сол жылдардағы кейбір қылмыстық істерге қарап, оның өзіне қарсы келген кейбір жандардан өш алғанын аңғаруға болады.
Мәсімовтің кезінде комитет терроризммен, экстремизммен, жемқорлықпен күреспен және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналысты. Кем дегенде, ресми баспасөз хабарламалары бізге солай деп хабарлап отырды. Ал содан кейін 2022 жылдың қаңтары келді. Елдің бас арнайы қызметінің өзі ұлттық қауіпсіздіктің ең ауыр дағдарысының ортасында қалғаны белгілі болды.
Мәсімов мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен қамауға алынды. Кейіннен сот оны билікті күшпен басып алу және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану баптары бойынша да кінәлі деп таныды. Үкім – мүлкі тәркіленіп, 18 жылға бас бостандығынан айыру. Төрағамен бірге оның орынбасарлары да сотталды. Әнуар Садықұлов 16 жыл, Дәулет Ерғожин 15 жыл, Марат Өсіпов 3 жыл алды. Айтпақшы, соңғысы әлдеқашан бостандыққа шықты.
Мемлекетке төнген қатерді анықтауы тиіс органның басшылығы сол мемлекетке қарсы қылмыс жасады деген айыппен сот алдында жауап берді.
Және осының барлығы жылдар бойы арнайы қызметтеріміздің тиімділігі, олардың қызметкерлерінің кәсібилігі және ұлттық қауіпсіздік жүйесінің сенімділігі туралы айтылып келген елде орын алды.
Мәсімовке қатысты сот процесі жабық режимде өтті. Сондықтан қоғам қаңтар айында ҰҚК ішінде нақты не болғанын, жекелеген басшылардың қандай рөл атқарғанын және қауіпсіздік жүйесінің неліктен мұндай жағдайға душар болғанын әлі күнге дейін толық білмейді. Сот үкім шығарғанымен, көптеген қоғамдық сауалдарға жария түрде жауап берілген жоқ.
Жаңа тағайындау және тарихи сабақтар
Мәсімовтен кейін комитетті Ермек Сағымбаев басқарды. Оған оңай емес мұра қалды – қаңтар оқиғасы мен бұрынғы басшылыққа қарсы қылмыстық істерден кейін жүйені қайта қалпына келтіру міндеті жүктелді.
Енді бізде жаңа төраға – Марат Ирменов. Қызметтік баспалдақтың барлық сатысынан өткен арнайы қызметтің кадрлық қызметкері. Қанды Қаңтар кезінде Жамбыл облыстық ҰҚКД бастығы бола тұра табандылық пен антқа адалдық танытты. Қолына қару алып, ҰҚКД ғимаратын қорғап қана қоймай, өңірде тәртіп орнатуға кіріскен өңірлік департамент басшыларының жалғызы. Кейін оны тәртіпсіздіктердің салдарымен күресу үшін Алматы қалалық департаментін басқаруға ауыстырды.
Оған сәттілік тілейміз. Оның үстіне, ізашарларының тарихы бұл лауазымда ҰҚК төрағасының кабинетіне дұрыс кіру ғана емес, одан аман-есен шығу да маңызды екенін анық көрсетіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







