Әлемде миллиондаған адам ми қызметін жақсарту және қартайғанда деменцияның алдын алу үмітімен балық майы немесе балдырдан жасалған Омега-3 қоспаларын тұрақты қабылдайды. Алайда АҚШ-та жүргізілген соңғы клиникалық сынақ осы танымал капсулалардың адамның жады мен ойлау қабілетіне ешқандай нақты пайда әкелмейтінін көрсетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Екі жылға созылған сынақ не көрсетті?
Оңтүстік Калифорния университетінің (USC) Кек медицина мектебі жүргізген зерттеу беделді eBioMedicine журналында жарық көрді. Ғалымдар екі жыл бойы 55 пен 80 жас аралығындағы 365 егде жастағы адамды бақылаған. Еріктілердің бәрі балықты өте сирек жейтін және олардың бойында деменцияның даму қаупі жоғары болған. Тіпті қатысушылардың жартысына жуығы кеш басталатын Альцгеймер дертінің негізгі генетикалық факторы саналатын APOE4 генін тасымалдаушы болып шықты.
Сынақ барысында қатысушыларға күн сайын 2000 миллиграмм мөлшерінде Омега-3 май қышқылының негізгі түрі — докозагексаен қышқылы (DHA) немесе плацебо берілді. Жарты жылдан соң жұлын сұйықтығын тексерген дәрігерлер науқастардың миындағы DHA деңгейі орта есеппен 17 пайызға артқанын көрді. Яғни қабылданған дәрумен ми қатпарларына еркін жеткен.
Алайда мидағы Омега-3 мөлшері көбейгенімен, қатысушылардың жады мен танымдық функцияларында ешбір оң ілгерілеу байқалмады. Миды сканерлеу нәтижесі де есте сақтауға жауапты басты бөлік — гиппокамптың кішірею процесі бәсеңдемегенін дәлелдеді.
Жалғыз капсула кеселге тосқауыл бола алмайды
Зерттеу авторы, USC Кек жекелендірілген ми денсаулығы орталығының директоры Хусейн Яссин биологиялық қоспалардың бәріне бірдей көмектесе бермейтінін ескертті.
«Омега-3 қоспасы дербес құрал ретінде нәтиже бермейді. Зерттеу барысында қатысушылардың миындағы Омега-3 мөлшері айтарлықтай артқанымен, бұл танымдық қабілеттің жақсаруына алып келген жоқ», – деді Хусейн Яссин.
Маманның айтуынша, Жерорта теңізі маңының тұрғындарында Омега-3 көрсеткіші өте жоғары әрі олардың есте сақтау қабілеті жақсы сақталады. Бірақ олар дайын капсулаларды ішпейді. Олардың негізгі рационы майлы теңіз балығынан, табиғи жаңғақтар мен көкөністерден тұрады, үнемі қозғалыста жүреді және күйзелісі аз өмір сүреді. Егер адам үнемі фастфудпен тамақтанып, спортпен шұғылданбай, күні бойы жұмыста күйзеліске түсіп жүрсе, миға қанша Омега-3 құйса да жағдай түзелмейді.
«Мұхиттағы бір тамшы су»: мамандар мен өндірушілер пікірі
Флорида нейродегенеративті аурулар институтының зерттеу директоры Ричард Айзексон бұл қорытындылар деменцияның алдын алуға қатысты қалыптасқан түсінікті өзгертуі тиіс деп санайды. Сарапшының пікірінше, өмір салты реттелмеген адам үшін қоспа қабылдау үлкен нәтиже бермейді.
«Ағзаның жалпы саулығы реттелмеген жағдайда, жай ғана капсула қабылдау мұхиттағы бір тамшы сумен тең. Бұл зерттеу биологиялық қоспалардың дұрыс тамақтану мен белсенді қимыл-қозғалыстың орнын баса алмайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді», – деп мәлімдеді Ричард Айзексон.
Омега-3 өндірушілерінің мүддесін қорғайтын жаһандық GOED ұйымының өкілі Элана Наткер болса, балық майы бойынша әлемде 50 мыңнан астам ғылыми жұмыс пен 5 мың клиникалық сынақ жарияланғанын айтады. Оның сөзінше, бұған дейінгі ондаған ғылыми сараптама Омега-3 қышқылдарының танымдық функцияларға оң ықпал ететінін бірнеше рет көрсеткен.
Миды сақтау үшін не істеу керек?
Адам миының шамамен 60 пайызы майлардан тұрса, оның 35 пайызға жуығын Омега-3 қышқылдары құрайды. Ағза оны өздігінен өндіре алмайтындықтан, бұл элементтер азық-түлікпен бірге түсуі шарт.
Балық майының құрамында қабынуды азайтатын EPA және ми мен көздің жасушаларына қажетті DHA қышқылдары бар. Вегетариандар үшін балдыр майы таптырмас өсімдік баламасы саналады. Ал чиа, зығыр дәндері мен жаңғақтарда үшінші түрі — ALA қышқылы кездеседі.
Дәрігерлер қазірден бастап капсула ішуді түбегейлі тоқтатуды талап етпейді. Алайда миды Альцгеймер мен деменциядан сақтау тек дәріханадағы құтыға емес, кешенді әрекетке байланысты. Ол үшін қан қысымы мен қант деңгейін қалыпты ұстау, тәтті мен фастфудты азайту, аптасына ең құрығанда екі рет балық жеу, сапалы ұйықтау және күніне кем дегенде жарты сағат жаяу жүру маңызды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







