ҚР Премьер-министрі, «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Олжас Бектенов қор басшылығының төңірегіндегі соңғы оқиғаларға байланысты мәлімдеме жасап, қазіргі уақытта құқық қорғау органдары жекелеген лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу шараларын жүргізіп жатқанын, жағдай Мемлекет басшысының бақылауында екенін атап өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкімет басшысының айтуынша, барлық мән-жай жүргізіліп жатқан тергеу аясында анықталуда. Құзыретті органдар заңнамаға қатаң сәйкес объективті және жан-жақты тергеуді қамтамасыз етуі тиіс. Қазіргі кезеңде әңгіме бүкіл Қор компаниялары тобының қызметіне күмән келтіруге негіз бола алмайтын нақты бір оқиға туралы болып отыр.
Жақын арада «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының жаңа төрағасы тағайындалады. Бұл ретте басқарудың толық сабақтастығы мен Қор қызметінің үздіксіздігі қамтамасыз етіледі.
Компаниялар штаттық режимде жұмыс істейді
Топтың барлық компаниялары жұмысын штаттық режимде жалғастырады. Қордың даму стратегиясы өзгеріссіз қалады. Инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бекітілген жоспарларға сәйкес жалғаса береді. Инвесторлар, кредиторлар, банктер және халықаралық қаржы институттары алдындағы барлық қаржылық, шарттық және борыштық міндеттемелер мерзімінде әрі толық көлемде орындалады.
Сонымен қатар орын алған жағдай корпоративтік басқаруды одан әрі нығайту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша жүйелі шаралар қабылдауды талап етеді.
«Қордың Директорлар кеңесінің төрағасы ретінде Қор мен оның еншілес ұйымдарының директорлар кеңестерінің, сондай-ақ олардың жанындағы бейінді комитеттердің, ең алдымен аудит және тәуекелдерді басқару комитеттерінің рөлін күшейтуді қажет деп санаймын. Ішкі бақылау, комплаенс және ішкі аудит тетіктері қайта қаралып, нығайтылады», – деп мәлімдеді Олжас Бектенов.
Бақылау мен жеке жауапкершілік күшейтіледі
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуға, мүдделер қақтығысын анықтауға, қабылданатын шешімдердің ашықтығын және басшылардың жеке жауапкершілігін арттыруға ерекше назар аударылады. Басты міндет – тек нақты заң бұзушылықтарға ғана әрекет ету емес, ең алдымен олардың қайталануына жол бермейтін тиімді жүйе қалыптастыру.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Қордың стратегиялық бағытының өзгермейтінін, тұрақтылық, ашықтық және жауапты серіктестік қағидаттарына беріктігін растайды. Қазақстан халықаралық инвестициялық және қаржылық қоғамдастық үшін сенімді әріптес болып қала береді. Еліміз инвесторлар мен кредиторлардың сенімін жоғары бағалайды және ұзақмерзімді, өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







