Қазақстандағы баспана нарығында делдалдық қызмет көрсететін риелторлардың жауапкершілігі мен қос тараптан қатар комиссия алу мәселесі қоғамда үлкен наразылық туғызуда. Журналист Алмат Әбдіраман әлеуметтік желідегі жазбасында риелторлардың негізсіз жоғары ақы талап ететінін сынап, саланы халықаралық стандарттар бойынша ретке келтіру жолдарын ұсынды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Есік ашқаны үшін 500 мың теңге»
Журналист Алмат Әбдіраман Алматыда баспана іздеу кезінде делдалдардың көрсеткен мардымсыз қызметі мен сұраған ақысының арасында ешқандай қисын жоқ екеніне куә болғанын жазды. Оның айтуынша, қоғамда риелторлардың адал еңбегін жоққа шығаруға ешкім құмар емес, алайда олардың нақты не үшін қомақты ақша талап ететіні түсініксіз күйінде қалып отыр.
«Риелтордың еңбегі бағалануы керек. Бірақ сол ақы қай жұмысына төленіп отыр? Бірнеше хабарландыру жіберіп, пәтердің есігін ашып көрсеткені үшін бе, әлде мәміленің басынан аяғына дейін кәсіби қызмет көрсеткеніне ме? Бір мәміледе сатушымен қоса, сатып алушыдан да комиссия талап ету қаншалықты қисынды? Бір маман екі тарапқа бірдей қызмет көрсетіп отыр ма, әлде біреуінің мүддесін қорғап, екіншісінен де ақша алып отыр ма? Мұндайда мүдделер қақтығысы туындайтыны анық», – деп жазды журналист Алмат Әбдіраман.
Автор баспана нарығында сапа мен бағаның арақатынасы сақталмайтынын, кейбір мамандар апталап жүгіріп, құжат тексеруге көмектессе, енді біреулері тек есік ашып көрсеткені үшін жүздеген мың теңгені қалтаға басатынын ашына жеткізді.
АҚШ тәжірибесі: лицензия мен мүдде айқындығы
Журналист АҚШ-тың Виржиния штатында пәтер жалдаған жеке тәжірибесін мысалға келтіреді. Онда риелтор барлық құжаттарды дайындап, мәмілені толық үйлестіргенімен, жалға алушыдан бөлек комиссия талап етпеген.
Себебі шетелдік тәжірибеде делдалдың кімнің мүддесін қорғайтыны заңмен нақты бекітілген. Үй иесі агент жалдаса, ақысын тек үй иесі төлейді, ал сатып алушы жеке маман шақырса, өз келісімі бойынша есеп айырысады. Оның үстіне, ол жақта риелтор болу үшін арнайы лицензия қажет: кемінде 60 сағаттық оқудан өтіп, емтихан тапсыру шарт, ал брокер атану үшін 180 сағаттық дайындық пен мол тәжірибе сұралады. Ережені бұзған мамандарды штаттың арнайы кеңесі қадағалап, қызметінен айыруға дейін барады.
Қағаз жүзіндегі ұлттық стандарт және министрлік ұсынысы
Қазақстанда да 2021 жылдан бері риелторлық қызметке арналған ұлттық стандарт бар. Онда қызмет көрсету шарты, бағасы және мүдделер қақтығысын болдырмау талаптары жазылғанымен, бұл стандарт ерікті сипатта болғандықтан, нарық қатысушылары үшін міндетті күшке ие емес.
Жақында ғана Сауда және интеграция министрлігі осы былықты жою үшін жаңа ұсыныстарын жариялады. Онда бірыңғай талап қою, комиссия төлеу тәртібін шартта тайға таңба басқандай көрсету, риелтордың кімнің мүддесін қорғайтынын белгілеу және қызметке тапсырыс бермеген адамнан ақы талап етуге қатаң тыйым салу тетіктері қарастырылып отыр.
Нарықты реттейтін төрт негізгі қадам
Журналист қалыптасқан тығырықтан шығу және азаматтардың құқығын қорғау үшін төрт нақты қадамды жүзеге асыруды ұсынды:
Бірыңғай мемлекеттік тізілім құру. Әрбір тұрғын өзі хабарласқан риелтордың біліктілігін, лицензиясын және оған қатысты түскен шағымдарды арнайы базадан көре алуы қажет.
Бірыңғай шарт үлгісін енгізу. Құжатта маманның қай тараптың атынан әрекет ететіні, комиссияның нақты көлемі мен жауапкершілік шегі жазылуы тиіс. Ең бастысы, қызметіне тапсырыс бермеген адамнан ақша бопсалауға біржола тыйым салынуы керек.
Кәсіби біліктілік пен жауапкершілік талабы. Арнайы оқу, емтихан және этикалық нормалар бекітіліп, азаматтардың шағымын қарайтын тәуелсіз тетік құрылуы шарт. Ережені өрескел бұзғандар мамандықтан шеттетілуі қажет.
Ашық баға қалыптастыру. Бағаны мемлекет белгілемесе де, клиент төлейтін ақының мөлшерін алдын ала білуге міндетті. Комиссия жоғары болса, оған сай көрсетілетін қызмет пен заңдық жауапкершілік те жоғары болуы керек.
Баспана сатып алу немесе жалға алу – кез келген қазақстандық отбасы үшін өмірдегі ең үлкен қаржылық шешімдердің бірі. Көптеген азаматтар жылдар бойы тиындап жинап, мойнына 20 жылдық ипотека алып жатқанда, делдалдардың халықтың тәжірибесіздігін пайдаланып, қалтасын қағуына жол берілмеуі тиіс.
Мемлекет басшысы жариялаған «Заң мен тәртіп» қағидаты баспана нарығына да толық енуі қажет. Риелтор делдалдықты кәсіп еткен екен, қыруар комиссияның артында нақты сапа, кәсібилік пен заң алдындағы жауапкершілік тұруы шарт.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







