Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға арнайы келуі екі елдің байланысын жаңа деңгейге көтергенін көрсетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Астана әуежайында Си Цзиньпинді Президент Тоқаев ерекше ықыласпен қарсы алды. Кездесуде Тоқаев Қытайды Қазақстанның ең жақын әрі сенімді серіктесі екенін атап өтті.
Саясаттанушы Асхат Қасенғали Қазақстанның сыртқы саясатында Ресейдің бұрынғы орнын біртіндеп Қытай басып келе жатқанын айтады.
Оның пікірінше, екі елдің байланысы жылдан-жылға артып, арадағы қарым-қатынас тың деңгейге көтеріліп жатыр.
«Си Цзиньпиннің Астанаға сапары Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитіне қатысты шараның бір бөлігі ғана. Оның артында маңызды келіссөздер мен мемлекетаралық жобалар тұр. Қытай мен Қазақстан шекаралас мемлекет болғандықтан, экономикалық, мәдени, қорғаныс және саяси бағыттағы ынтымақтастықтың дамуы заңды құбылыс. Екіжақты сауда айналымы өткен жылы 40 миллиард долларға жетті. Бұл Қазақстан экономикасында бұрынғы негізгі серіктесі Ресейдің орнын енді Қытай басқанын анық көрсетеді», – дейді сарапшы.
Қытай нарығының мүмкіндігі аса зор
Асхат Қасенғали Қазақстан үшін Қытай нарығының маңыздылығына да ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан экспорттық тауарларын ең алдымен географиялық тұрғыдан жақын әрі қолжетімді елдерге бағыттайды. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Қытай нарығының мүмкіндігі аса зор.
«Қытай нарығы Қазақстанның экспорттық тауарлары үшін ең тиімді алаң. Оның демографиялық әлеуеті мен сатып алу қабілеті өте жоғары. Қазақстан тек Қытай нарығын ғана емес, Қытай порттарын да тиімді пайдалануға мүдделі. Ян Юньган портының қазақстандық терминалы арқылы еліміз астық пен өзге де өнімдерін Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне оңай жеткізе алады», – дейді саясаттанушы.
Өз кезегінде, Қытай үшін Қазақстанмен байланысты дамытудың үш маңызды тұсы бар екен.
«Біріншіден, Қытай Қазақстанды транзиттік-логистикалық дәліз ретінде қарастырады. Қытайдың ең негізгі сауда әріптесі Еуроодақ. Қытайдың Еуропамен тауар айналымының шамамен 45 пайызы теңіз жолы арқылы өтеді. Бірақ соңғы кездері теңіз жолы қиындық тудырып отыр. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы геосаяси шиеленіс, Қызыл теңіздегі тұрақсыздық, Таяу Шығыстағы қақтығыстар мен хуситтердің әрекеті Қытайды құрлық жолына ерекше назар аударуға мәжбүр етті», – дейді сарапшы.
Асхат Қасенғалидің пікірінше, Ресей мен Украина арасындағы соғыс та Қытайдың сауда дәлізіне ықпал еткен.
«Қытай құрлық арқылы тауарын Еуропаға жеткізу үшін екі жолды пайдаланатын: бірі – Ресей арқылы, екіншісі – Орталық Азия. Соғыстың салдарынан Ресей арқылы өтетін жүктер Еуропа шекарасында ұзақ уақыт тексерілетін болды. Бұл Қытайды өз тауарларын Қазақстан арқылы Орталық Азиямен, Каспий теңізі мен Кавказ арқылы Еуропаға жеткізуге итермеледі. Сондықтан Қытай Қазақстан арқылы өтетін жаңа логистикалық бағытқа үлкен басымдық беріп отыр», – дейді саясаттанушы.
Бейжіңмен арадағы алыс-беріс пен барыс-келіс үдей түседі
Қытайдың екінші мүддесі азық-түлік қауіпсіздігі. Қазірдің өзінде Қытай әлемнің 40-тан аса еліне осы салада инвестиция салуда, оның ішінде Қазақстан да бар.
«Қазақстан агроөнеркәсіп саласы дамыған мемлекет. Астық өндірісі бойынша әлемдегі үздік он бес елдің қатарына кіреді. Қытай осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстанның ауыл шаруашылығына инвестиция салып, ұзақ мерзімді әріптестікті көздейді», – дейді сарапшы.
Үшінші маңызды тұсы энергетикалық қауіпсіздік. Қытай әлемдегі ең ірі мұнай мен газ тұтынушы ел ретінде Қазақстаннан осы ресурстарды тұрақты сатып алуға мүдделі. Бұған қоса, энергетика саласына инвестиция салып, байланысты нығайтуға ниетті.
«Әрине, бұл негізгі бағыттар ғана. Бұдан бөлек, мәдени және туристік байланыстар да жылдан-жылға артып келеді. Қазір екі ел түрлі бағдарламалар арқылы туристік ағынды арттыруды қолға алған. Қазақстанның болашақтағы жасыл энергетика саласына қатысты жоспарлары да Қытаймен ынтымақтастықты күшейте түсері сөзсіз. Өйткені Қытай бүгінде күн және жел энергиясы бойынша әлемдік көшбасшыға айналды. Оның осы саладағы мол тәжірибесі Қазақстан үшін таптырмас мүмкіндік болмақ. Мұның барлығы екі елдің алдағы жылдардағы байланысын одан әрі тереңдете түседі», – деп түйіндеді Асхат Қасенғали.

