Алматыда өтіп жатқан сот отырысында Гүлмира Сатыбалдының ағайын-туыстарына судья тарапынан ескерту жасалды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаланың қылмыстық істер жөніндегі сотында кәсіпкер Гүлмира Сатыбалды мен оның жүргізушісі Мәди Батыршаевқа қатысты процесс жалғасуда. Сатыбалды бизнес серіктесін бопсалап, заңсыз қамап ұстады деп айыпталуда.
Кезекті сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Сатыбалдымен бірге компанияда қызмет еткен кадр бөлімінің жетекшісіне сауал қойды. Адвокат бір сұрақты қайталап қойған кезде, Сатыбалды кенеттен ашуланып:
«Мен қарсымын, ол адамдардың өздерін шақырып сұраңыздар», – деп қарсы жақ адвокатына ескерту жасады.
Осы сәтте сот залында отырғандардың арасынан да шу шықты.
«Құрметті сот, бұларға ескерту жасаңызшы. Біреуі тіпті ұйықтап, орындықтан құлап жатыр, тағы біреуі ашуға салынып, өз пікірін айтып отыр. Залдағылардың тәртіпсіздігі сот процесіне кедергі келтіруде. Осыларды залдан шығаруды немесе ескерту жасауды сұраймын», – деді жәбірленушінің адвокаты судьяға қарата.
Судья Мәртпек Кәкімжанов адвокаттың сөзін орынды деп тауып, залда отырғандарға қатаң ескерту жасады.
«Сот процесі ашық өтсе де, бұл ойыңа келгенді істеуге болады дегенді білдірмейді. Мұнда отырған азаматтарға, Сатыбалдының жақтаушыларына арнайы ескертемін. Тағы қайталап айтамын: тәртіп бұзу – өздеріңізге зиян. Егер қорғаушылардан тағы шағым түссе, заң бойынша шара қолданып, бәріңізді сот залынан шығарып жіберемін. Бұл бос сөз емес, заң талабы», – деді судья.
Контекст
Еске сала кетсек, бұған дейінгі алдын ала тыңдауда Гүлмира Сатыбалды өз ісін алқабилер соты қарауынан бас тартқан болатын. Процесс онлайн режимінде өтіп, айыпталушылар Астана қаласындағы тергеу изоляторынан қатысқан. Кейіннен олардың Алматыға жеткізілетіні белгілі болды.
Қазіргі таңда Гүлмира Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің «Заңсыз бас бостандығынан айыру» және «Ірі көлемде мүлік алу мақсатында жасалған қорқытып алушылық» баптары бойынша ауыр айып тағылған.
Айта кетейік, бұған дейін де Сатыбалды мен оның серіктері басқа іс бойынша сотталған еді. Сол кезде олар адам ұрлап, озбырлық әрекеттер жасағаны үшін кінәлі деп танылған болатын.

