Орыс тілді бұқаралық ақпарат құралдарында Қайрат Нұртастың қамауға алынуы қызу талқыға түсті. Тіпті арасында әншіге күліп, оны табалап жатқандар бар. Бұл туралы Fragment арнасы жазды, – деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Арна мәліметінше, желі қолданушылары әншіге өнермен айналысуға тыйым салуды ұсынған, тіпті «Қайрат Нұртас түрмедегі корпоративтерде сотталғандардың көңілін көтереді» деген әзілдер де бар. Әлеуметтік желілерде Қайрат Нұртас пен басқа да танымал өнер жұлдыздардың ұсталуы флешмобтың бір түрі екенін айтатын түрлі мемдер мен видеолар тарап кетті.
Тіпті атышулы Бишімбаев Қайрат Нұртасты түрмедегілердің алдында өнер көрсетуге шақыратыны туралы ролик те әлеуметтік желіде танымал болды. Желі қолданушылары Қайрат Нұртас пен жиі басы дауға қалатын Төреғали Төреәли бір-бірін құшақтап тұратын бес жыл бұрынғы видеоны да тауып алған. Осылайша, отқа май құйғандай сотты болған танымал өнер иелерін одан әрі сынға алған.
Ал қазақ тілді аудиторияда бұл жағдай мүлдем басқаша сипат алған. Олардың пікірінше, бұл жайт — қоғам назарын нағыз проблемалардан алыстату, алдарқату жолы.
«Билікке инфляция, жұмыссыздық және сыбайлас жемқорлық сияқты экономикалық, саяси қиындықтардан халық назарын алшақтатып, белгілі тұлғалардың қамауға алынғанын көрсету әлдеқайда тиімді.
Полицияға бағынбағаны үшін қамауға алынған әнші Әбдіжаппар Әлқожа да осы «челлендждегі» тағы бір қатысушы болды. Ол Қайрат Нұртастан кейін бірден қамауға алынған, осылайша бұған дейін талқыланып жатқан оқиғаны одан сайын «қыздыра түсті». Ең қызығы Әлқожа мас күйінде көлік жүргізген туысына көмектесу үшін полицияға кедергі келтіргені анықталған», — деп жазылған арна мәліметінде.
Осылайша, Қазақстанда екі тілдік орта қалыптасты, мұнда бірдей оқиғалар әртүрлі қырынан сипатталады. Яғни орыс тілді БАҚ жұлдыздардың түрмеге тоғытылуын «цирк» ретінде қабылдап, әзілдеп жатса, қазақ тілді аудитория бұдан биліктің айла-шарғысын көріп отыр.