Марқұм Салтанат Нүкенованы әлеуметтік желіде қорлаған блогер сот арқылы жазаға тартылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының биылғы 20 мамырдағы шешімі заңды күшіне енді. Іс материалдарына сүйенсек, былтыр желтоқсан айында Антон Бударов «budarov_anton» деген парақшасында: «Бишімбаевтың әйелі Салтанатты жәбірленуші деп есептемеймін. Ол – қарапайым абьюзер, жанжал тудырушы. Астрология курстарын сатып, алаяқтықпен айналысқан. Олар кәдімгі кокаинге тәуелді отбасы, өзі де кәдімгі маргинал», – деген сипаттағы жазба жариялаған. Сот бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын және Салтанат Нүкенованың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретінін анықтады.
Сот шешіміне сәйкес, А.Бударов Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасы арқылы осы жазған ақпаратын жоққа шығарып, ресми түрде терістеуге міндеттелді.
Сот процесінде жауапкер Антон Бударов Instagram желісіндегі «budarov_anton» аккаунты өзіне тиесілі екенін мойындамаған. Алайда бұл уәж сот отырысында толық жоққа шығарылды. Іс барысында Instagram парақшаның Бударовқа тиесілі Telegram аккаунтымен байланысы бары нақты дәлелденген. Бұдан бөлек, Бударовтың YouTube желісінде де «Антон Бударов [Буданбай]» атты парақшасы бар екені, онда Instagram-дағы жеке парақшасы көрсетілгені белгілі болды.
Сот шешімі елдегі жоғары оқу орындарының біріндегі тіл маманы жүргізген арнайы сараптаманың қорытындысына негізделген. Сарапшы өз бағалауында Бударов таратқан мәтін «қоғамдық нормаларға қарсы, әлеуметтік тұрғыда айыпталатын әрекеттерді сипаттайды, Нүкенова мен оның отбасы туралы теріс сипаттағы ақпарат таратып, олардың абыройына айқын нұқсан келтіреді» деген тұжырымға келген.
«Сотта жауапкер сараптама қорытындысын жоққа шығаратын нақты дәлелдер келтірген жоқ, қосымша сараптама жүргізу туралы өтініш те бермеді. Сондықтан сот талапкердің арызын толық қанағаттандырып, Антон Бударовтың әрекетін Салтанат Нүкенованың ар-намысына нұқсан келтіретін шындыққа сәйкес емес ақпарат тарату деп бағалады», – деп хабарлады Алматы соттары.
Еске сала кетсек, Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша Бишімбаев 24 жылға, Байжанов 4 жылға сотталған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

