Талдықорған қаласына қарасты Ынтымақ ауылында салынған жаңа тұрғын үй кешенінен кезекте тұрған азаматтар үшін жылдық 5 пайыздық жеңілдетілген ипотека бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жетісу облысында кезекте тұрған отбасылар арасында барлығы 200 пәтер үлестіріледі. Баспана Ынтымақ ауылы, Қалдаяқов көшесі, 4-үй мекенжайында орналасқан бес қабатты, бес блоктан тұратын тұрғын үйде қарастырылған. Құрылысты әкімдік бір жыл ішінде жүргізіп бітірді. Әр қабатта төрт пәтерден орналасқан.
Баспана құны мен пәтерлердің сипаттамасы
Жаңа үйдегі пәтерлер кезекте тұрған азаматтарға таза әрлеуде беріледі. Тұрғын үйдің бір шаршы метрі 284 000 теңгеге бағаланып отыр. Үй кешеніндегі пәтер саны мынадай тәртіппен бөлінген:
- 50 бір бөлмелі пәтер (ең шағын көлемі — 48,5 шаршы метр, құны — шамамен 13,6 миллион теңге);
- 50 екі бөлмелі пәтер (орташа құны — 18 миллион теңге);
- 50 үш бөлмелі пәтер (орташа құны — 20,6 миллион теңге);
- 50 төрт бөлмелі пәтер (орташа құны — 23,5 миллион теңге).
Өтінім беру тәртібі және қойылатын талаптар
Кезекте тұрған тұрғындар өтінімдерін 2026 жылғы 30 қазан мен 5 қараша аралығында тапсыра алады. Конкурсқа қатысу үшін құжаттар Otbasybank.kz порталы арқылы онлайн жіберіледі. Жүйедегі нысан коды — «10481». Ал қатысушыларды іріктеу шарасы 6 қараша күні өткізіледі.
Бағдарламаға қатысу үшін үміткерлердің тұрғын үй кезегінде ресми тіркеуі болуы және Отбасы банктегі жинақ шотында баспана құнының кемінде 10 пайызы көлеміндегі бастапқы жарнасы сақталуы қажет.
«Қатысушыларды іріктеу тұрғын үй кезегіне тіркелген уақытына қарай жүргізіледі. Егер кезекке тұру күні сәйкес келсе, Otbasybank.kz порталына өтініш берілген күн мен нақты уақыт есепке алынады», – деп нақтылады Отбасы банк мамандары.
Пәтерлер кімдерге үлестіріледі?
Үлестірілетін 200 пәтердің басым бөлігі, яғни 70 пайызы (140 пәтер) арнайы санаттарға беріледі. Олардың қатарына Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға жеңілдіктері бойынша теңестірілген азаматтар, басқа мемлекет аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар кіреді.
Сонымен бірге мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, жесірлерге, сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқа» тағынған немесе «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасыларға басымдық беріледі. Бұдан бөлек, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арнайы 40 пәтер қарастырылған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







