Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) айына 300 мың теңге тұрақты жалақы алатын қазақстандықтардың қартайғанда қанша зейнетақы алатынын есептеп шығарды. Қор ұсынған болжамды көрсеткіштер салымшының жұмыс өтіліне ғана емес, жарна аударуды қай жастан бастағанына тікелей байланысты болып шықты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
23 пен 28 жастың айырмасы: 5 миллион теңгелік шығын
Зейнетақы қорының сарапшылары азаматтардың жинақтау жүйесіне ерте қатысуының маңызын көрсету үшін екі түрлі сценарийді салыстырып көрді. Есептеу моделінде ай сайынғы табыс 300 мың теңге деңгейінде алынып, жалақының жыл сайын 2 пайызға нақты өсетіні ескерілген.
Сараптама қорытындысы мынадай нәтижені көрсетті:
Егер азамат зейнетақы жарналарын 23 жасынан бастап үздіксіз аударса, зейнетке шыққан алғашқы жылы жинақтау жүйесінен ай сайын шамамен 143 мың теңге алады;
Егер жарна аударуды бес жылға кешіктіріп, 28 жасынан бастаса, ай сайынғы төлем мөлшері 116 мың теңгеге дейін төмендейді.
Арадағы небәрі бес жылдық айырмашылық зейнетақы жинағының жалпы сомасын 5 миллион теңгеге жуық азайтып, алғашқы ай сайынғы төлемді 27 030 теңгеге қысқартып тастайды. Бұған мемлекет тарапынан төленетін базалық зейнетақы қосылғанымен, жиынтық төлемнің негізгі салмағы жеке жинақтарға жүктеледі.
Ынтымақты жүйенің жойылуы: жаңа буынның үлесі
Бүгінгі еңбек нарығындағы жастар үшін ең маңызды мәселе – кеңестік кезеңнен қалған ынтымақты (солидарлық) зейнетақының біртіндеп тарих қойнауына кетуі. 1998 жылдан кейін еңбек жолын бастаған барлық қазақстандықтар қартайғанда мемлекеттің ортақ зейнетақысына үміт арта алмайды.
Олардың қарттықтағы әл-ауқаты тек екі ғана көзден құралады: мемлекеттің базалық төлемі және БЖЗҚ-дағы жеке шотында жиналған қаржы. 2027 жылдан бастап базалық зейнетақының ең жоғары шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 120 пайызына дейін көтерілгенімен, лайықты тұрмыс кешу үшін бұл қаржы жеткіліксіз болуы мүмкін.
Жинақты мерзімінен бұрын шешудің қатері
Сарапшылардың пікірінше, халықтың зейнетақы жинағын баспана алуға немесе емделуге мерзімінен бұрын шешіп алуы болашақта үлкен әлеуметтік дағдарысқа ұласуы ықтимал. Мәселен, соңғы тоғыз айдың өзінде азаматтар қордан 490 миллиард теңгені мерзімінен бұрын алған, ал сол кезеңде түскен жарна көлемі 2,2 триллион теңгені құрады.
Бүгінгі күннің баспана мәселесін шешкен салымшылар өздерінің ертеңгі зейнетақы капиталын едәуір қысқартып алды. Минималды жеткіліктілік шегі тек ең төменгі күнкөрісті ғана көздейтіндіктен, жинағын түгелге жуық үлестіріп қойғандар қартайған шақта мемлекеттің мардымсыз жәрдемақысына қарап қалу қаупіне тап болады.
Инфляция жеген зейнетақы күнкөріске жете ме?
БЖЗҚ ұсынған есептеулер қоғамда үлкен күмән мен алаңдаушылық туғызды. Ең басты сауал – бүгінгі 300 мың теңге табыс үшін уәде етілген 116–143 мың теңге аралығындағы зейнетақы 25–30 жылдан кейін қандай құнға ие болады?
Қазақстандағы созылмалы жоғары инфляция, коммуналдық тарифтердің тоқтаусыз қымбаттауы және азық-түлік бағасының екі таңбалы өсімі зейнетақы жинақтарын үнемі құнсыздандырып келеді. Ұлттық банктің зейнетақы активтерін басқарудан табатын инвестициялық кірісі нақты инфляцияны толық жаба алмайтын кезеңдер жиі кездеседі.
Халықаралық еңбек ұйымының талабына сай, лайықты зейнетақы азаматтың бұрынғы жалақысының кемінде 40 пайызын өтеуі тиіс. Алайда ақшаның сатып алу қабілеті күн сайын кеміп жатқанда, ондаған жыл бойы тиыннан құралған қор қартайғанда қарапайым дәрі-дәрмек пен тамаққа жетпейтін тиын-тебенге айналып кетпесіне кепілдік жоқ.
Зейнетақы реформасы жарна мөлшерін көбейтуді ғана емес, жинақтарды инфляция желісінен қорғайтын нақты қаржылық құралдарды ұсынуды талап етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







