Чехияның премьер-министрі Андрей Бабиш Қазақстанға Ресей және Қытаймен байланысты қысқарту жөнінде ұсыныс айтуды сұрағанын мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ол бұл туралы TV Nova телеарнасына берген сұхбатында айтты. Бабиштің сөзінше, Қазақстанға сапары алдында оған Чехия СІМ дайындаған арнайы жадынама берілген. Құжатта Астанаға Мәскеу мен Бейжіңмен ынтымақтастықты шектеу туралы мәселе көтеру ұсынылған.
Алайда Бабиш мұндай тәсілді қолдамағанын аңғартты. Ол Чехияның бұрынғы үкіметінің антиресейлік саясатын сынға алып, мұндай бағыт ел экономикасына теріс әсер еткенін және Праганың маңызды әлемдік серіктестермен қарым-қатынасын әлсіреткенін айтты.
Бұл мәлімдеме Бабиштің Астанаға жасаған сапарынан кейін айтылып отыр. Қазақстанда ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Премьер-министр Олжас Бектеновпен келіссөз жүргізген болатын.
Кездесулер барысында тараптар экономикалық ынтымақтастық, қазақстандық мұнай мен уран жеткізу мәселесін, сондай-ақ чехиялық Aero Vodochody компаниясы шығаратын L-39NG оқу-жауынгерлік ұшағын сатып алу мүмкіндігін талқылаған.
Бабиш Қазақстанды «маңызды стратегиялық серіктес» деп атап, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты кеңейтуді қолдайтынын жеткізді.
Бұл мәлімдеме қазіргі Еуропадағы саяси көзқарас айырмашылығын да көрсетеді. Бір бөлігі Ресейге қарсы қатаң саясатты жалғастыруды жақтаса, екінші топ экономика мен энергетикалық мүддені алдыңғы орынға қоя бастады. Чехия саясатындағы пікірталас та осы екі бағыттың арасындағы күресті аңғартады.
Қазақстан үшін мұндай жағдайда негізгі басымдық көпвекторлы саясатты сақтау. Астана бір мезгілде Ресеймен де, Қытаймен де, Еуропамен де жұмыс істеп келеді. Сондықтан Бабиштің сөзі сыртқы ойыншылар Қазақстанның геосаяси бағытына ықпал етуге тырысатынын тағы бір рет көрсетті.
Соған қарамастан, Астана әзірге бір блокқа толық тәуелді болмай, энергетика, сауда және инвестиция мәселесінде бірнеше бағытпен қатар жұмыс істеу моделін сақтап отыр. Чехиямен өткен келіссөздер де осы прагматикалық саясаттың бір бөлігі ретінде қарастырылады.
Айтқандай, күні кеше ғана Германияның бұрынғы президенті Кристиан Вульф әлемге Түркия көбірек қажет болып отырғанын мәлімдеген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







