Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының қызметкерлері қала тұрғындарымен бірге сенбілікке шығып, ескерткіштердің айналасын тазалады. Бұл шара «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында өтті. Осындай жұмыстар арқылы тек аумақты ретке келтіру ғана емес, тарихи нысандарға деген құрмет мәдениетін қалыптастыру көзделіп отыр деп жазады Ertenmedia.kz.
Астана – жас қала болғанымен, ондағы әрбір ескерткіш ел тарихының маңызды кезеңдерін бейнелейді. Олар өткеннің үнсіз куәсі ғана емес, ұлттық сана мен рухани сабақтастықтың белгісі. Сол себепті мұндай нысандардың күтімі мен сақталуына бейжай қарау қоғам үшін қабылдауға болмайтын құбылыс.
Қала әкімдігі Біріккен мұражайлар дирекциясының өкілі Баянды Сахарияұлының айтуынша, жұмыстар тек сенбілікпен шектелмейді. Ескерткіштер жыл бойы тұрақты күтімде болады. Қыс мезгілінде қар мен мұздан тазартылып, жазда жаңбыр мен күннің әсерінен болатын зақымдардың алдын алу үшін арнайы өңдеу жүргізіледі. Металл беттердің тот басуы, бетон плиталардың жарылуы сияқты мәселелерге қарсы химиялық қорғаныш құралдары қолданылады, жіктері бекітіледі. Бұл шаралар ескерткіштердің ұзақ сақталуына және бастапқы қалпын жоғалтпауына мүмкіндік береді.
Айыппұл салынады
Алайда мәселенің күрделі тұсы – вандализм. Соңғы жылдары саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштер жиі зардап шегіп отыр. Бала мүсіндері бүлініп, металл бөлшектердің ұрлану фактілері тіркелген. «Отан-Ана» монументі мен «Мәңгілік алау» да осындай әрекеттерден сырт қалмаған. Мұндай жағдайлар тек материалдық шығын емес, тарихи жадыға жасалған құрметсіздік ретінде бағаланады.
Осыған байланысты қалада бақылау шаралары күшейтілуде. Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп бейнебақылау жүйелері орнатылып жатыр. Заң бұзғандарға айыппұл салынады. Мәселен, мемориалды бояп кеткен азаматтар анықталып, 100 мың теңгеден астам айыппұл төлеген. Дегенмен мәселені тек жазамен шешу жеткіліксіз. Ең бастысы – қоғамның өзі тарихи мұраға жауапкершілікпен қарауы.
Кей жағдайда ескерткіштерге зиян қасақана емес, абайсыз әрекеттен де келеді. Граффити салу, плиталардың үстінде ролик тебу, құстарды қоректендіру сияқты әрекеттер тас пен металл құрылымдарға зиянын тигізеді. Сондықтан қалада түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы белгілер орнатылуда. Қоғамдық бақылау артқан сайын мұндай әрекеттердің азаюы да заңды құбылыс.
Қазір Астанада шамамен 70 ескерткіш Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының балансында. Барлығы тұрақты бақылауда және жүйелі тазалау мен күтімнен өтеді. Бұл жұмыс тек қаланың келбетін сақтау емес, елдің рухани негізін қорғау міндетімен тікелей байланысты.
Ескерткіш – жай тас немесе мүсін емес. Ол халықтың жады, өткеннің белгісі, болашаққа қалатын аманат. Сондықтан оны сақтау – тек мемлекеттік органның емес, әр азаматтың ортақ міндеті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







