«Жас Алаш» газетінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің елдегі саяси жаңару, қоғамдық сана және жаңа кезеңдегі мемлекеттік даму бағытын саралаған көлемді мақаласы жарық көрді. Автор жаңа Конституцияның қабылдануын қоғам сұранысына жауап берген тарихи қадам ретінде бағалап, оның әділетті мемлекет құру жолындағы реформаларға берік құқықтық негіз болғанын атап өтеді. Осы ретте Ерлан Қариннің мақаласында адами құндылықтар мен патриотизмге қатысты мәселелер назарымызды аударды.
Қазіргі уақытта біздің қоғамды екіге жаратындай қандай да бір саяси дау-дамайлар жоқ. Ел ішінде күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша белгілі бір консенсус бар. Әрі азаматтардың көбі Президент жүргізіп жатқан реформаларды қолдайды. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты жүргізген соңғы сауалнама нәтижелеріне сәйкес, азаматтардың 84%-ы Қазақстан дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді. Яғни қоғамда оптимизм басым.
Әрине, үлкен резонанс тудыратын жағдайлар да арагідік орын алып тұрады. Кейде тіл, дін, тарих, сыртқы саясат мәселелеріне қатысты кейбір кикілжіңдер түрлі саяси-қоғамдық дискуссияларға да түрткі болып жатады. Әсіресе қоғамдық орындар мен көліктердегі жекелеген жағдайлардың соңы осындай дау-дамайларға ұласатынын білеміз.
Өкініштісі, мұндай оқиғалардың себебін анықтап, астарына үңілсек, көбі сол азаматтардың мәдениетсіздігінен, дарақылығы мен әдепсіздігінен туындаған болып шығады. Яғни адамдардың қарапайым әдеп нормаларын сақтамауы, бір-бірін құрметтемеуі себеп. Кей кезде тіпті сауатсыздық пен білімсіздік те келеңсіз жағдайларға ұрындырады. Дегенмен жеке бір адамдардың тәрбиесіздігіне бола, тұтас қоғам арандап қалмауы керек. Сондықтан қазіргі таңда идеологиялық жұмыс негізінен білімсіздікпен, сауатсыздықпен, әдепсіздікпен күреске бағытталуға тиіс.
Керісінше, қоғамды мәдениеттілікке, еңбекқорлыққа, білім-ғылымға, жауапты әрі жасампаз отаншылдыққа шақыру маңызды. Әдепті, тәрбиелі адам айналасын ластамайды, өзгелерге қоқан-лоқы көрсетпейді. Қарапайым адами құндылықтарды бойына сіңірмеген адамды патриотизмге баулу мүмкін емес. Әуелі адамгершілігі мол, таза, адал азаматты қалыптастыруды мақсат етуіміз керек.
Ал патриотизм соған егілетін дән. Бұл қағидат Конституцияда да бекітілген. Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарының қатарына жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету нормасының қосылуы тегін емес. Оның өлшемі – пайдалы іс пен жауапкершілік.
Қоғамдағы кез келген кикілжіңнің, кез келген даудың алдын алудың бірден бір жолы – жеке бастың мәдениетін дамыту. Бұл – бір-бірімізге сыйластықпен қарау, өз ісімізге адал болу, заңды құрметтеу, тазалық пен тәртіпті сақтау. Адамдардың санасына осы ұғымдарды сіңіріп, қоғамда құндылық ретінде орнықтыру қажет.
Ұлт сапасын арттыру, азаматтардың мінез-құлқын өзгерту, жаңа әдеттерді қалыптастыру бір күндік шаруа емес екендігін, ұзақ уақытты қажет ететіндігін сылтау етіп, қол қусырып отыра беруге болмайды. Президентіміз айтқандай, бізде артық уақыт жоқ. Алдымызға нақты мақсат қоймасақ, бір орында тұрып қаламыз. Өйткені айналаның бәрі жылдам дамып жатыр. Әлем үлкен өзгерістердің алдында тұр. Осыған бейімделіп, өркениет көшіне ілескендер ғана бәсекеге қабілетті әрі озық ойлы ұлтқа айналады. Сондықтан мұндай тағдыршешті сәттерде арқаны кеңге салып отыруға болмайды. Әрдайым алға ұмтылу керек.
Ең бастысы, мұндай өзгеріске жылтырақ идеологиямен қол жеткізу – бос әурешілік. Бұрын билбордқа қанатты сөздерді жазып қойып, түрлі тақырыптағы роликтерді таратып, сонымен есеп бере салатын. Яғни негізгі жұмыс жалаң үгіт-насихатпен ғана шектелетін.
Ал қазір нақты істерге көшу мақсат етіп қойылды. Мысалы, орта білім беру жүйесіне «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілді. «Қазақстан балалары» бағдарламасы қабылданды. Тарихи сананы жүйелеуге назар аударылды. Төл мұрамызды әлемдік деңгейде насихаттауға көңіл бөлінді. Мемлекет басшысының қоғамда кітап оқу мәдениетін дамытып, зерделі ұлт қалыптастыру жөнінде арнайы Жарлық шығаруының астарында да үлкен мән жатыр.
Қоғамдық әдепті қалыптастырғанда ең бірінші ел алдында жүрген азаматтар жауапкершілікті сезінуі керек. Бұл шенеуніктерге ғана емес, барлық азаматтарға, әсіресе зиялы қауым өкілдеріне де қатысты дүние. Өйткені олар – мәдениеттің айнасы. Сондықтан сөйлеген сөзіне, жүріс-тұрысына, тіпті сыртқы келбетіне де дұрыс қарауы керек. Әйтпесе, өңірлерде ұйымдастырылатын кейбір мемлекеттік маңызы бар ресми іс-шаралардың күнделікті өтіп жататын тойдан я астардан айырмасы болмай қалады. Сол секілді елге танымал адамдар өмірден озған кезде де арагідік келеңсіз жағдайларға куә болып қаламыз.
Мәселен, белгілі тұлғалардың жаназасын өнер ордаларынан шығару салтымызда да, дінімізде де жоқ, кеңестік кезеңде қалыптасқан жоралғы. Кейбір адамдар мұны өмірден өткен әлгі тұлғаға көрсетілген құрмет деп қабылдайды. Бірақ діни салт-жоралғы жасалатын арнайы орындар тұрғанда, марқұмды ән мен би орындалатын, ойын-сауық өтетін жерден соңғы сапарға аттандыру дұрыс емес. Өнер ордаларын мұндай мақсатқа пайдаланбаған абзал.
Сондықтан өрескел кеткен осындай тұстарымызды жарияға жар салмай, мұқият зерделеп, жүйелі түрде реттей беруіміз керек. Өткен онжылдықтарда мемлекеттілікті құру ісімен айналыссақ, енді азаматтардың бойына мемлекеттіліктің ұстыны – мемлекетшілдік сананы сіңіру қажет. Ол осындай қарапайым дүниелерден басталады. Өйткені мемлекет ісінде ұсақ-түйек деген болмайды. Елеусіз деген нәрсенің өзі елдік тұрғыдан алғанда маңызды.
Абайдың «ақырын жүріп, анық бас» деген ұлағатын Президент өз сөзінде жиі айтады. Хакімнің пайымы – еліміздің саяси философиясы. Бұл – жайбасарлық танытып, сылбыр қимылдау емес, керісінше, әр қадамды жан-жақты ойластырып, салмақтап жасау, сондай-ақ реформаларды сенімді, табанды, тиянақты жүргізу деген сөз. Кез келген жұмысты дәл осындай стильде жүзеге асыра алсақ, ұлт ұпайы да түгел болады. Бұған соңғы жылдардағы оң өзгерістер дәлел.
Ерлан Қарин, Мемлекеттік кеңесші
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







