Жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұтқан тұсы мен жіберген қатесі жөнінде әңгіме өрбітті, — деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жазушы бір кездері Назарбаевпен араларында үлкен дау болғанын жасырмады.
«Шындықты айтсаң, халыққа жағасың, билікке жақпайсың. Шындықты айтып келдік қой. Назарбаевтың кезінде көп айтылды. Үлкен мақала жаздым. Екеуміз кабинетінде қалай салғыластық?! Ол мені сотқа беремін дегенге шейін барып, арамызда үлкен дау болған, бірақ кейіннен татуластық.
Өзіміз дүрдараз болып жүрген кезде Лондонда пьесам қойылатын болды. Тұңғыш рет Лондондағы қазақ пьеасасы. Соған өзі шақырып алып, азаматтығына ризамын, баяғының бәрін кешіріп, «сені шақырып отырғаным: қазақ пьесасын Лондон қойып жатыр екен. Қазақ пьесасын Қазақстандағы орыс театрлары қоймайды. Сонау Лондонда пьесаң қойылғанына қуанамын» деп Назарбаев деген швейцариялық сағатын беріп, риза болып шығарып салып еді. Нұрекеңнің бір жақсы жері әдебиетті біледі және оқиды. Көп жазушы жайлы пікірі болатын. Бізді қабылдаған кезде де жақсы сөйлесетін, процестің ішіне кіріп сөйлесетін. Қазір жазушылар тоқырап қалды, билікпен шаруасы жоқ, биліктің жазушылармен шаруасы жоқ», — деді Исабеков «Күлтөбе» арнасына.
Белгілі драматург Дулат Исабеков Назарбаевтың олжасы қазақ шекарасын шегендегені екенін, дегенмен активтерге қатысты қауесет рас боп шықса, бұл кешірілмейтін күнә болатынын айтты.
«Назарбаевтың қалай болғанда да екі жақты мінезі бар: жақсылығын айтайық, шекарамызды бекітті. Украинаның трагедиясы — шекарасын бекітпегені, біздің шекарамыз бекітілген. Енді оны ешкім бұза алмайды, бұзса, соңы азаматтық соғыс болады. Бірақ Қазақстанның көп байлығын иемденіп кетті деген қауесет бар. Соны жұрт көп айтады. 200 миллиард доллар ақшасы бар деп естідім. Қазақстанның бір жылдық бюджеті — 4 миллиард доллар. Қазақстанның жарты байлығы демек біздің бұрынғы президентімізде. Бұл рас болса, әрине, президент үшін кешірілмейтін күнә. Өзім сенгім келмейді.
Бір адам Қазақстанның жарты байлығын не істей алады? Бұл жөнінде Назарбаев екеуміз билікте отырған кезінде сөйлестік. Екінші рет Лондонға бара жатқан кезде тағы да сөйлестік. «Қазақстанның байлығы жетеді. Мұхтар Әбілязов, көптеген адам 10 миллиард доллармен шетелге қашып кетіп жатыр. Соларды неге қайтармаймыз? 100 миллион долларым болса, қалай жұмсарымды білмес едім» деген едім. Өзіне тиіп кеткен екен ғой. «Менде де 100 миллион доллар бар» деді. «10 миллиард доллары бар адамдар өмірінде оны жаратып үлгере алмайды, бәрі шетелдің банкісінде жатыр» дедім. Өзіне де тиісіп тұрмын ғой. …Түбімізге қанағатсыздық жететін түрі бар. Жап-жақсы жүрген жігіттер билікке барса, 5-6 жылдан кейін қылмыстарын көре бастайсың, ақша жеп қойған. Жемқорларды сынап жүрген жігіттердің өзі жемқор болып шыға келгенін түсінбеймін», — деді ол «Күлтөбе» арнасына.
Сонымен қатар, жазушының пікірінше, бір кезде Назарбаевқа өлең арнап, енді жамандау — екіжүзділік.
«Сол кезде поэма жазған адамдар енді келіп соны сынай бастады. Демек екіжүзділік деген — осы. Сол кезде мақтап пікір айтқан емеспін. …Әсіресе, ақындарға ренішім бар. Биліктегі тоталитаризмді көбіне біздің ақындар жасаған екен», — деді Дулат Исабеков.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков марқұм саясаткер Заманбек Нұрқаділов туралы да өзіндік пікірін білдірді.
«Заманбек Нұрқаділовпен бетпе-бет сөйлесіп те көрген адаммын. Бірақ оның ұрма мінезі бар, сол мінезінен өзі зардап шегеді. Саясатта бүгілмелі-иілмелі саясат болуы керек. Саясатта өте сақтықпен сөйлеуі керек. Пікір айтқанда арына тимей айтуың керек. Заманбектің бір қателігі Назарбаевқа тікелей тиісуі болды. «Екеуміз де жұртқа танымалмыз, кел, айтысайық» деген сияқты. Президенттерге олай айтуға болмайды. …Саясат дегенде адам сақ болу керек. Мақтамен бауыздайтындай қылып айту керек. Ашық кеткен адамды құрта салу оп-оңай. Заманбек те солай ашық кетті де, Алтынбек екеуін құрта салды, атты да тастады. Өйткені қолында билік бар», — деді жазушы «Күлтөбе» арнасына.