Шымкенттік 10 жасар Арсен Берік джиу-джитсудан өткен халықаралық жарыста тағы да жеңіс тұғырынан көрінді. Грузия астанасы Тбилисиде ұйымдастырылған мықтылар турнирінде ол қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, әлем чемпионы атағын иеленді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Арсен Берік джиу-джитсумен бес жылдан бері тұрақты айналысып келеді. Жас спортшы осы уақыт ішінде әлем және Азия чемпионатында екі реттен топ жарған. Оның қоржынында 100-ге жуық медаль мен төрт чемпиондық белбеу бар.
Суперфиналдағы айқын басымдық
Халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен Арсен Грузияда өткен таңдаулы спортшылар турниріне арнайы шақырту алды. Ол жарыс барысында бес қарсыласын жеңіп, суперфиналға жолдама алды. Шешуші белдесуде Украинадан келген мықты спортшымен кездесіп, 6:0 есебімен басым түсті.
Жеңісінен кейін Қазақстанның Мемлекеттік әнұраны орындалып, шымкенттік спортшы тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Ұйымдастырушылар оған арнайы чемпиондық белбеу мен жеңімпаздың сақинасын табыстады.
– Суперфиналда украиналық спортшыны 6:0 есебімен жеңдім. Джиу-джитсуды жақсы көремін. Спорт мені физикалық жағынан ғана емес, психологиялық тұрғыдан да мықты болуға үйретеді. Бұған дейін де екі рет чемпион атандым. Алдағы уақытта жаттығуды жалғастырып, ересектер арасында әлем чемпионы болғым келеді, – деді Арсен Берік.
Бапкері шәкіртінің жетістігі туралы
Жас спортшының әр жеңісінің артында үздіксіз жаттығу, табандылық пен үлкен еңбек тұр. Жеке бапкері Жақсылық Садықовтың айтуынша, Арсен берілген тапсырманы жауапкершілікпен орындайды, жаттығудан қалмайды және шеберлігін үнемі жетілдіруге тырысады.
– Арсен мінезі ұстамды бала. Спортқа қызығушылығы жоғары, жеңіске деген жігері мықты. Он жасында 100-ге жуық медаль жеңіп алып, төрт чемпиондық белбеуге ие болуы – тынымсыз еңбектің нәтижесі, – деді бапкер.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







