Қазақстанда онлайн саудаға бақылау күшейіп жатыр. 2026 жылдан бастап интернет-платформа операторлары салық органдарымен дерек алмасудың жаңа тәртібімен жұмыс істейді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа Салық кодексінде интернет-платформалар арқылы кәсіпкерлік қызмет жүргізетін жеке тұлғалар туралы мәлімет ұсыну нормасы енгізілген, ал Қаржы министрлігі кейін осы деректерді беру тәртібі мен мерзімін бөлек бекітті.
Соған сәйкес маркетплейстер сатылған тауарлар мен көрсетілген қызметтер, сатушылар және жеке тұлғаларға жасалған төлемдер туралы ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарына ұсынуға міндеттеледі.
Мұндай өзгерістің негізгі мақсаты онлайн сауданы ашық ету, көлеңкелі айналымды қысқарту және бюджетке түсетін салықтың толық жиналуын қамтамасыз ету.
Комитеттің өзі 2025 жылдың соңында ірі халықаралық платформалармен кездесіп, 2026 жылдан күшіне енетін жаңа кодекстегі дерек алмасу талаптарын арнайы түсіндіргенін хабарлаған. Яғни мемлекет цифрлық сауданы енді еркін айналым емес, нақты бақылаудағы нарық ретінде қарастыра бастады.
Бұл ақпарат кейін жай есеп үшін жиналмайды. Салық есептілігі тапсырылғаннан кейін деректер камералдық бақылау кезінде декларациялармен салыстырылады. Егер айырма не сәйкессіздік анықталса, азаматқа немесе кәсіпкерге түсіндірме беру не олқылықты түзету туралы хабарлама жіберіледі. Мемлекеттік кірістер комитеті түсіндіруіне сай, мұндай хабарлама орындалуға тиіс, ал оған жауап беруге 30 жұмыс күні беріледі.
Осылайша, маркетплейс арқылы табыс тауып, оны жасырып қалу бұрынғыдан қиындай түседі. Енді онлайн саудадағы ақша қозғалысы мен нақты сатылым арасындағы байланысты салық органдары әлдеқайда анық көре алады. Демек, интернет арқылы сауда жасайтындар үшін ең дұрыс жол – табысты ашық көрсетіп, есепті дұрыс жүргізу.
Қазақстанда депозит әлі де ақша сақтаудың ең түсінікті әрі кең тараған құралының бірі болып тұрғанын білесіз бе?
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






