Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың үстінен жазылған «ұжымдық хаттың» төңірегінде күмән көбейді. Депутат Мұрат Әбенов Ақордаға жолданды делінген құжаттың Президент Әкімшілігіне түспегенін айтып, министрге қарсы ұйымдасқан ақпараттық шабуыл жүріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әбеновтің сөзінше, министрдің жұмысын сынау мен қоғамда қасақана теріс пікір қалыптастырудың арасы жер мен көктей. Өзі де Жұлдыз Сүлейменованың кейбір шешіміне қарсы шығып, түнеукүні Қоғамдық кеңес отырысында жеке балабақша мәселесін қатты сынаған.
«Мен де сынаймын, маған да кейбір шешімдері ұнамайды. Дос жылатып айтады деген қағида бар. Алайда тарап жатқан “ұжымдық хаттың” көшірмесі өте күдікті», — деді депутат.
Айтуынша, хатты кім жазғаны белгісіз. Құжаттың Тоқаевқа ресми түрде жолданғанын растайтын дерек те жоқ. Соған қарамастан, хат бір мезетте бірнеше блогер мен ақпарат құралының қолына түскен.
«Әзір ғана Президент Әкімшілігіне мұндай хат түспегені жөнінде ақпарат алдым. Сонда Тоқаевқа жетпеген хат бұқаралық ақпарат құралдары мен әлемжеліге қалай тарады? Жалпы, сондай хат бар ма? Фейк емес пе?» — деп сауал тастады Әбенов.
Тағы бір түйткіл
Депутат хатқа қол қойды делінген азаматтардың да ашық шығып, авторлығын мойындамағанына назар аударған екен. Оның пайымынша, негізгі мақсат шағымды Президентке жеткізу емес, қоғам алдында министрдің беделіне соққы беру болуы мүмкін.
«Неліктен бірнеше блогер мен басылым хатты бір мезетте жариялады? Неге оны Президентке жолданған ресми құжат секілді көрсетті? Мақсат шағым жеткізу ме, әлде қоғамда теріс пікір туғызу ма?» — деді ол.
Тараған хатта Оқу-ағарту министрлігінен және оған қарасты мекемелерден бірқатар адамның қызметтен кеткені негізгі уәж ретінде көрсетілген. Әбенов мұны төтенше жағдай деп санамайды.
Оның есебінше, білім саласында миллионға жуық адам еңбек етеді. Соның 600 мыңға жуығы мектепте жұмыс істейді. Оған балабақша, колледж, қосымша білім беру орталығы мен түрлі мекеме қызметкерлерін қосқанда, жарты жыл ішінде 20-30 адамның ауысуы қалыпты кадрлық үдеріс саналады.
«Қызметтен кетудің себебі тек қысым немесе мәжбүрлеу бола бермейді. Біреу өз еркімен кетеді, біреу басқа жұмысқа ауысады, енді бірі міндетін атқара алмайды. Министрдің талабына сай болмағандар да болуы мүмкін. Алайда тізімдегі адамдардың бірін “қудалап шығарды” деген дәлел жоқ. Ешқайсысы сотқа жүгінбеген», — деді депутат.
Әбенов тізімде аты аталған бірнеше адаммен жеке сөйлескенін де айтты. Олардың кейбірі ешкімге өкпесі жоқ екенін, қызметтен өз еркімен кеткенін жеткізген екен.
Осыдан кейін депутат хаттағы есімдер иелерінің келісімімен енгізілді ме, әлде сырттай қосылды ма деген күмән туатынын алға тартты.
«Кейбір адамдар өз жұмысындағы кемшілікті жасыру үшін өзгелердің атын қалқан етіп отырған жоқ па? Тәжірибемде мұндай хаттар көбіне біреудің өз кінәсін көптің арасына жасыру үшін жазылады. Министрді хатпен қорқытып, кадрларға тиіспейтін жағдай орнатқысы келуі де мүмкін», — деді Әбенов.
Ауыс-түйіске негіз бар ма?
Ол министрліктегі ауыс-түйіске жеткілікті негіз бар деп есептейді. Соңғы жылдары орта білім саласында қаржы жымқыру, қисынсыз реформа, заңсыз лицензия беру мен мемлекеттік мекеме басшыларының өздеріне қосымша ақы жазуы секілді сорақы дерек көбейген.
Депутаттың айтуынша, президент Тоқаев Жұлдыз Сүлейменованы осы олқылықтың жолын кесу үшін тағайындаған. 24 желтоқсанда Астанада өткен жиында білім саласындағы заң бұзушылықты тоқтату жөнінде нақты тапсырма берілген.
Әбенов жаңа министр қолға алған негізгі жұмыс ретінде жеке мектеп пен балабақшадағы қаржы жымқыруды тоқтатуды, оқу бағдарламасындағы кемшілікті түзетуді, заңсыз лицензияның жолын кесуді және мемлекеттік мекемелердегі күмәнді төлемді тексеруді атады.
Ол физика, химия мен биологияны бір пәнге, алгебра, геометрия мен информатиканы тағы бір пәнге біріктіруді үлкен қателік санайды. Қазақстан географиясының оқу бағдарламасынан жоғалуы да білім сапасына кері әсер еткенін айтты.
Сонымен бірге кейбір мемлекеттік мекеме басшылары өздеріне шаруашылық шарт арқылы тапсырма беріп, кейін сол жұмысты қабылдап, айлығының үстінен бірнеше жалақы көлемінде қосымша ақша алғанын мәлімдеді.
«Мұның өзі қылмыс қой. Осындай жағдайды көре тұра, неге ешкімді жұмыстан босатпау керек? “Жасырын хатқа” осы тұрғыдан қарау қажет», — деді депутат.
Мұрат Әбенов мәлімдемесінің соңында Жұлдыз Сүлейменованы толық қолдайтынын ашық айтты.
«Қарапайым ортадан шыққан, еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, өз белсенділігімен мектеп директорына дейін өскен, білім саласына жаны ашитын тұлға. Тек алға, білімді, іскер, батыл қарындасым! Көпшілік сізді қолдайды», — деп түйіндеді ол.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







