Үкімет басшысының орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжіліс депутаттарының мобильді аударымдарға байланысты ұсынысына жауап берді, — деп хабарлайды ErtenMedia Ulysmedia-ға сілтеп.
Депутаттар бұрын азаматтардың бір айдағы ақша аударымы 1 млн теңгеден асса ғана бақылауға алу керек деп ұсыныс білдірген. Үкімет бұл ұсынысты қолдамайды.
«Егер жеке тұлғаның айлық табысы 1 млн теңгеден асса ғана мобильді аударымдарға мониторинг жасау ұсынысы салық салу жүйесінің әділдік принципіне қарама-қайшы деп есептейміз. Мониторинге жататын төлемнің төменгі шегін 3-5 мың теңге мөлшерінде белгілеу жөніндегі ұсыныс та қолдау көрмейді, өйткені бөлшек сауда саласында бір тауардың құны одан аз болуы мүмкін, бірақ жалпы тауар айналымы айтарлықтай жоғары», – дейді Жұманғарин.
Айта кетейік, Қазақстанда мобильді аударымдарды тексерудің оңтайлы жолы іздестіріліп жатыр. Бұған дейін Қаржы министрлігі жаңа бастама көтерді.
Қазір банктер үш ай бойы әртүрлі адамнан 100-ден аса аударым алған қазақстандықтар туралы салық органдарына ақпарат беруі қажет. Тағы бір маңызды шарт: ақша түскен шот кәсіпкерлік қызметке арналмауға тиіс.
Енді Қаржы министрлігі мен Ұлттық банкпен бірлесіп, жаңа өзгерістер енгізуі мүмкін.
«Қолданыстағы шарттарға шекті сома қосылады, яғни бұл дегеніміз түскен мобильді аударымдар 3 күнтізбелік ай ішінде 12 АЕК-тен (1 020 000 теңге) асуға тиіс», — деп жазылған хабарламада.
Осылайша, екінші деңгейлі банктерге 3 ай ішінде 1,02 миллион теңгеден аз мобильді аударым түскен қазақстандықтар туралы ақпаратты салық органдарына бермеуге рұқсат етіледі. Мобильді аударымдардың саны үш ай бойы 100-ден көп болған жағдайда да рұқсат етіледі.
Қаржы министрінің тиісті бұйрығы Ұлттық банктің қарауына жіберілген болатын.