Бір топ депутат мобильді аударымдарды бақылау шартын қайта қарап, оны азаматтар мен шағын бизнеске жасайтын қысым құралына айналдырмауды талап етіп отыр, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Депутат Азат Перуашев өз сауалын вице-премьер, экономика министрі Серік Жұманғаринге сауал жолдады.
«Жаңа жылдан бастап күшіне енген мобильді аударымдарды бақылау қоғамда қызу талқылануда, бұл кәсіпкерлер мен азаматтар тарапынан наразылық тудырып отыр. «Ақ жол»фракциясы 2023-2024 жылдары осы жаңашылдықты қарастырудың бүкіл кезеңінде салық органдарының ұстанымдарын талай рет сынады, басқа елдердегі төлемдер мониторингінің мысалдарын келтіріп, азаматтар мен шағын бизнеске жаппай қысым жасамайтын бақылаудың неғұрлым либералды түрін ұсынды», — дейді депутат.
Депутаттың сөзіне сенсек, бүгінде шағын бизнес жиірек қолма-қол төлемдерге көшіп жатыр.
«Олжас Байдельдинов сынды сарапшылардың пікірінше, төлемдерді жаппай бақылау ұлттық валютаның қос бағамының қалыптасуына әкеп, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуларға қарағанда қолма-қол төлемдер 10%-ға қымбаттаған түрік моделін қайталайды. Бұл елдегі инфляцияның күрт көтерілуінің бір көзі. Мұндай қысым бизнес үшін айтарлықтай экономикалық және әлеуметтік шығындарға әкеп соғып, азаматтарымыздың қаржылық жағдайына қауіп төндіреді», — деді Перуашев.
Депутат мобильді аударымдарды бақылау форматын қайта қарауды ұсынды.
«Көршілес Ресейде 2020 жылдан бастап күніне 30-дан астам аударым алатын тұлғалар ғана мониторингке жатады, олардың әрбір төлемі 1 мың рубльден, ал мұндай төлемдердің жалпы сомасы айына 1 миллион рубльден жоғары болуы керек, бұл 5,5 млн теңгеге пара-пар. Ал бізде барлық төлемдер бақыланады, соның ішінде жалпы сомасы 255 мың теңгелік ең төменгі төлемдер де бар, яғни, Ресейдегіден 20 есе аз. Қажетсіз ақпараттың мұндай ауқымынан кімге және қандай пайда?» — деп ашынды ол.
Депутаттар мониторингке жататын төлемнің төменгі шегін – 3-5 мың теңгеден және одан да көп мөлшерде белгілеу қажет деп санайды.
«Ай сайынғы төлемдердің жалпы сомасын анықтауға келетін болсақ, біз көрсетілген 255 мың тг. құрайтын шекті біздің шынайы жағдайға сәйкес емес деп санаймыз. Төлемдер сомасын кәсіпкердің таза пайдасы ретінде қарастыруға болмайды. Тәжірибеде шағын бизнестің табыстылығы 15-20 пайызды құрайды, яғни, 255 мың теңге (3 ТЖМ) айналымнан оның табысы 50-60 мың теңгені құрайды, демек, төменгі жалақыдан да аз. Таза пайда жоғарыда аталған 255 мың теңгені құрауы үшін кәсіпкердің айналымы айына 1 миллион теңгеден көп болуы керек», — деді Перуашев.
«Ақ жол» демпартиясы айына 1 миллион теңге сомасынан бастап мобильді төлемдерге мониторинг жүргізуді де ұсынды.
«Шағын және микробизнес — бұл кішігірім дүкендерде, кафелерде не аз-кем қызмет көрсету саласында еңбек ететін қарапайым адамдар екенін ерекше атап өткіміз келеді. Бюджеттен ұрлап жатқандар да, оффшорлық есепшоттарға миллиардтарды аударатындар да олар емес. Егер мұндай кәсіпкер артық 10-20 мың теңге тапса, ол бұл ақшаны елде қалдырады — мысалы, баласына киім-кешек сатып алады немесе шағын кәсібін сәл кеңейтеді.
Олигархтарды дұрыс емес жерден іздеп жүрсіздер, шенеунік мырзалар. Миллиардтарды жымқырып жатқандарды іздеңіздер», — деп түйіндеді ол.