Ресейлік пропаганданың кей өкілі Кремльдің Бакуден ресми кешірім сұрамауын қателік деп бағалап отыр, — деп хабарлайды ErtenMedia Әшкере арнасына сілтеп.
Кешелі бері Ақтау маңында апатқа ұшыраған әуе кемесінің ресейлік «Пәнцир-С» кешенінен атылған ракета арқылы зақымдалғаны жөнінде ақпарат тарап жатыр. Баку бұған нақты дәлелі бар екенін мәлімдеп отыр.
Қазақстан тарапы ұшақ сынықтарынан алынған заттай айғақтарды табыстаған деген дерек бар. Алғашында екі жақтың сарапшылары Мәскеудің болған іске өкініш білдіріп, «белгілі бір өтемақы төлеуі мүмкін
екенін» болжаған еді. Алайда Путин әкімшілігі тарапынан мардымды жауап болмады, тек екіұшты мәлімдемелер айтылып, «қыларыңды қылып ал» деген позиция айқын аңғарылып тұрды. Ресейлік пропаганда өкілдері мұны дипломатиялық тұрғыдан өте тиімсіз қадам деп бағалауда. Баку осы күнге дейін қалыпты бейтараптықты ұстанып келген, енді екі елдің қарым-қатынасы күрт салқындауы ықтимал.
«Әзербайжанда «апатқа кінәлілер анықталып, жауапқа тартылсын» деген риторика өршіп барады. Әлиев мұны ескерусіз қалдырмайды. Ол өте кекшіл адам. Кремль (Путин) өзіне жоқ жерден жау тауып алды. Баку секілді маңызды әріптеспен қабақ шытыспау қажет еді…», — дейді бірқатар ресейлік медиа.
Олардың пайымынша, осындайда кешірім сұрамай кекірейе қалу — Мәскеу дипломатиясының ең осал тұсы.