Жас ұлғайған сайын адам денесіндегі және мінезіндегі өзгерістерді жұрт көбіне жағымсыз құбылыс ретінде қабылдайды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Шаштың ағаруы, әжімнің көбеюі, буынның сыр беруі, бұрынғыдай шапшаң қимылдай алмау – мұның бәрі кәріліктің белгісі ретінде көрінеді. Соның әсерінен қартаю туралы әңгіме көбіне қорқынышпен, сақтанумен, тіпті кейде ұяңдықпен айтылады. Бірақ жас ұлғаюды тек жоғалту деп қарау тым үстірт ұғым. Өйткені уақыт өте адам тек әлсіреп қана қоймайды, кей қыры күшейеді, кей қасиеті тереңдейді, кей артықшылығы енді ғана айқындала бастайды.
Адам жас кезде тез ойлап, жылдам шешім қабылдап, бұрын көрмеген жағдайға шапшаң бейімделеді. Психологияда мұны икемді интеллект деп түсіндіреді. Ол жаңа мәселені шешуге, тосын жағдайға жауап беруге, күрделі дүниені тез ұғуға көмектеседі.
Жылдар өте келе жүрек неге тынышталады?
Уақыт өте осы қабілет сәл баяулауы мүмкін. Соның салдарынан адам кейде өзіне бұрынғыдай ширақ емес болып көрінеді. Бір нәрсені ұмытып қалуы, ойды жинақтауға көбірек уақыт жұмсауы, бұрынғыдай тез қағып алмауы мүмкін. Бірақ дәл осы сәтте екінші бір маңызды қабілет күшейе түседі. Ол – жинақталған ақыл.
Жылдар өте келе адамның кристалданған, яғни жиналған тәжірибеге сүйенетін ақылы толысады. Бұл – оқығаннан, көргеннен, бастан өткергеннен, қателескеннен, үйренгеннен келетін парасат. Мұндай қабілет адамды байыпты етеді.
Ол бұрынғыдай жылдам болмауы мүмкін, бірақ тереңірек ойлайды. Жағдайды кеңірек бағалайды. Кімге сену керек, қай жерде үндемеу керек, қай тұста тәуекелге бару қажет, осындай өмірлік шешімдерде тәжірибе жасқа қарағанда әлдеқайда маңыздырақ рөл атқарады. Сол себепті жас ұлғайған адам өзін кейде ұмытшақ сезінгенімен, шын мәнінде өмірді түсіну жағынан ұтылмайды, қайта ұтады.
Қартаюмен бірге келетін тағы бір тосын өзгеріс – адам көңіл күйін бұрынғыдан жақсырақ басқара бастайды. Жұрт көбіне үлкен кісілерді өкпешіл, ренжігіш, көңілі толмайтын адам ретінде елестетеді. Рас, ондай мінез де кездеседі. Бірақ жалпы алғанда зерттеулер жасы ұлғайған адамдардың өмірге көбірек риза болатынын аңғартады.
Уақыт өткен сайын адам жаман нәрсеге емес, жақсы сәтке көбірек мән бере бастайды. Көңілге қонымды естелікті көбірек сақтайды. Ұсақ-түйекке күйіп-пісудің қажет емес екенін жақсы түсінеді. Осыдан барып ішкі тыныштыққа жақындайды.
Мұның себебі де түсінікті. Жас кезде адам өзін дәлелдеуге, бәріне үлгеруге, жұрттың көңілінен шығуға, биікке жетуге асығады. Ал жас ұлғайған сайын өмірдің бағасы басқаша сезіледі. Көңілге жайлы адамдар, тыныш орта, сенімді байланыс, денсаулық, отбасы, қарапайым қуаныш алдыңғы орынға шығады. Сол себепті көп адам қартайған шағында әлдеқайда сабырлы, орнықты, тіпті бақыттырақ бола түседі. Бұл сыртқы жағдайдың мінсіздігінен емес, ішкі бағалаудың өзгеруінен туады.
Кәріліктің мейірімі – ерекше мейірім
Сонымен бірге жас ұлғайған сайын эмпатия да өзгереді. Көпшілік мұны адамның мейірімі артады деп түсінеді. Шын мәнінде мәселе сәл күрделірек. Біреудің қайғысына жанашыр болу, ауырсынуын сезіну, қамқорлық таныту секілді эмоциялық эмпатия көбіне сақталады, кейде тіпті күшейеді.
Сондықтан егде жастағы адам жақынына жанашырлық танытуда әлсіз болады деу қате. Бірақ екінші қыры бар. Ол – когнитивтік эмпатия, яғни өзге адамның ойы мен көзқарасын дәл түсіне алу қабілеті. Міне, осы тұс жас ұлғайған сайын бәсеңдеуі мүмкін.
Басқаша айтқанда, үлкен адам біреуге шын жанашыр болуы ықтимал, бірақ оның неге олай ойлайтынын, неге дәл солай әрекет еткенін жас адамдай тез аңғара бермеуі мүмкін. Бұл – мейірім жоғалды деген сөз емес. Бұл – ойлау тәсілінің өзгеруі. Когнитивтік эмпатия қиял мен ойша бейнелеуді көбірек талап етеді. Ал ол қабілет көбіне жастық шақта басымдау келеді. Сондықтан кәрілік – сезімсіздік емес, эмпатияның басқа формаға ауысуы.
Жалпы алғанда, қартаю – тек дененің әлсіреуі емес, адамның ішкі құрылымының қайта қалыптасуы. Бір қасиет азаяды, екінші қасиет күшейеді. Бір жылдамдық кетеді, оның орнына байып келеді. Бір шапшаңдық жоғалады, бірақ оның есесіне тереңдік пайда болады. Сол үшін жастың ұлғаюын тек кемшілік ретінде қарау дұрыс емес. Адам өмірінің әр кезеңінің өз артықшылығы бар. Ал жасы келген шақтың ең үлкен байлығы – өмірден сүзілген сабыр, жинақталған ақыл және артық дүниеден арылған жүрек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







